Шымкенттік 150 оқушы “Expo-2017” халықаралық көрмесіне аттанды

310

Төрткүл дүние күнгейлік оқушылардың тың туындыларын тамашалайтын болды. Дәлірегі “Expo-2017” халықаралық көрмесіне өңір мектептеріндегі көшбасшы шәкірттердің бірінші легі аттанды. Енді апта бойы 150 жас өнертапқыш шетелдік меймандар алдында оқу-ғылым саласында жеткен жетістіктерін таныстырады. Мәдени шараға жыл бойы дайындалған шәкірттерді қаламыздағы теміржол вокзалынан ата-аналары мен мұғалімдері және Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның өзі шығарып салды.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы: «“Expo-2017” —  игі шарасының балалардың болашағы үшін атқарар рөлі зор. Көрмені көзбен көріп қайтқан шәкірттердің білім мен ғылымға деген құштарлығы еселенетіні сөзсіз. Ал жолға шыққан оқушыларға бар жағдай жасалып отыр. Әрбір 10 балаға бір жетекші мен 2 дәрігер бекітілген. Ал Астанаға жеткен соң, оқушылар Назарбаев оқу орнының жатақханасына жайғасады. Ас мәзірі де аталған оқу орнының асханасында үлестіріледі».

Білім бөлімінің мәліметінше, Астанаға жолдама оқуда озат болған оқушыларға ғана емес, әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына да табысталған. 1650 шәкірт үшін мемлекет тарапынан арнайы қаржы қаралса, 2000 балаға жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасапты. Айта өтейік, жолға шыққан оқушылар енді бір жеті бойы көрмеге атсалысып, кері қайтады.

Әсел Мүсіретәлі, Қ.Спатаев атындағы №7 мектеп-лицейдің оқушысы: «Үлкен қобалжу үстіндемін. Көрмеге барып, еңбектерімді таныстыру — мен үшін мәртебе! Халықаралық мәдени шараға  барған соң, шетелдік өнертапқыштардың жетістігімен танысып, жаңа технологияның кең мүмкіндіктерін саралаймын. Болашақта мен де ғалым болғым келеді. Елімнің игілігі үшін ғылыми зерттеулер жүргізіп, дамыған елдермен тереземіз тең болуы жолында қызмет ету — мақсатым!»