Түркістан облысында оқушылар жаппай төбелесіп, 1 бала ауруханаға түсті

123

Түркістан облысында мектеп оқушылары арасында жаппай төбелес болған. Салдарынан 9 сынып оқушысы қатты соққы алып, ауруханаға түсіп, тағы 20 бала ұсталған. Жасөспірімнің бас сүйегі сынған. Қазір тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал тәртіп сақшылары ұсталған 20 бала ішінен тек 1 баланың үстінен қылмыстық іс қозғаған.

Құсшы ата ауылында 60-тан астам бала төбелес шығарған. Елдімекеннің бір жағы Кентау қаласына қараса, екінші бөлігі Сауран ауданына тиесілі. Сондықтан болар, мұндай жайт жиі қайталанып тұрады екен. Бұл жолы екі жақты тартыстың соңы қан жоса қырғынға ұласқан. Тіпті төбелес кезінде оқушылар лақтырған тастар көше бойындағы үйлерді бүлдірген.

Төбелес кезінде 9 сынып оқушысы қатты соққы алған. Жасөспірім баланың бас сүйегі сынып кетіпті. Салдарынан қан тоқтамай, дәрігерлер ота да жасаған.


Ауылдағы екі мектептің оқушылары қайта-қайта жаға ұстасып қала бергендіктен, мектеп әкімшілігі жиналыс та өткізген. Алайда нәтижесін бермепті. Бұл жолы төбелес түн ортасында орын алған.

Қазір оқушылардың үстінен тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Тіпті тәртіп сақшылары 10 сынып оқушысына қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Ерлан Қыдыров, Кентау қалалық ПБ бастығы: “Тергеуге 20 шақты бала жеткізілді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Күдікті өз кінәсін мойындап, болған оқиға барысы анықталып жатыр. Ауруханадағы баланың басынан бір бала ғана ұрған екен”

Полицейлер тек ұсталған балалармен ғана іс жабылмайтынын жеткізді. Тағы да ауыл жастарынан сұрақ жауап алынады. Жаппай төбелеске қатысқандар көрсеткішін арнайы комиссия өкілдері бекітеді.