Тура жолдан тайқып, темір тордың ар жағында болып келген азаматтар жұмысқа тұру және тағы да басқа мәселелерге байланысты көптеген кедергіге тап болып жатады. Олардың да қоғамның бір мүшесі ретінде өзін шет сезінбей қалыптасуы үшін жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Соның бірі – соттылықты жою. Осыған қатысты туындаған сұрақтарға ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ОҚО бойынша бөлімінің аға прокуроры Сәбит Сыздықов сұрақтарға жауап берді.
С: Соттылықты жою немесе алынып тастау мерзімдері мен тәртібі қандай? Бас бостандығынан айырылғандардың жаза мерзімін өтеп шыққаннан кейін соттылығы қай кезден бастап жойылады?
Ж: Бүгінгі өзгеріс бұрынғыларға ұқсамайды. Соттылықтың жойылуы немесе алынып тасталуы ҚР Қылмыстық кодексінің 79 және 89 баптарымен реттеледі. Жазатайым, я болмаса қасақана қылмыс жасағандардың әрқайсысы дәрежесіне қарай жазасын алады. Ал енді қылмыс жасағаны үшін сотталған адам соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген күннен бастап сотталғандығы өтелген немесе алынып тасталған кезге дейін сотталған болып есептеледі. Жазадан босатылған, сондай-ақ, қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін сотталған адам «сотталғандығы жоқ» деп танылады.
Мәселен:
а) шартты түрде сотталған азаматтарға қатысты – пробациялық бақылау мерзімі өткен соң;
ә) бас бостандығынан айыруға қарағанда жазаның неғұрлым жеңіл түрлеріне сотталған адамдарға қатысты жазаны іс жүзінде өтеген соң;
б) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты жазаны өтегеннен кейін 3 жыл өткен соң;
в) ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырылған адамдарға қатысты – жазаны өтегеннен кейін 6 жыл өткен соң;
г) аса ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты жазаны өтегеннен кейін 8 жыл өткен соң жойылады.
С: Егер де ұрлық жасағаны үшін 3 жылға сотталса, оның соттылығы қай кезден бастап жойылады?
Ж: Қылмыстық кодекстің 188 бабы 2 бөлігінде қарастырылған ұрлық қылмысы бойынша оған 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Қылмыс жасады ма? Демек жазасын алуға тиісті. Ал Қылмыстық кодекстің 11-бабына сәйкес бұл қылмыс ауырлығы орташа қылмысқа жатады. Демек жазасын өтеп шыққаннан соң 3 жыл өткен соң соттылығы жойылады.
С: Темір тордың ар жағында болып келгендердің көбісі жұмысқа тұруда көп кедергіге тап болады. Жаза мерзімін өтеп келгендердің соттылығы жойылған соң олардың жұмысқа тұру мүмкіндігі қандай?
Ж: Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтарды қызметке қабылдауда шектеулер қарастырылғаны белгілі. Мәселен, мемлекеттік қызметке, құқық қорғау органдарына жұмысқа қабылдауда және басқа да мекемелерде лауазымды қызмет атқаруға байланысты түрлі талаптар қойылған. Аталған мекемелерге қызметке қабылданатын тұлғаларға қатысты ақпарат толық, яғни соттылығының жойылуы ескерілместен беріледі.
Одан бөлек:
Еңбек кодексінің 26 бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың қатысуымен білім беру, тәрбиелеу және дамыту, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қызметпен қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласындағы ұйымдарға:
адам өлтіргені, денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, адамдардың денсаулығына және имандылыққа, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам сау-дасы үшін соттылығы бар, қылмыстық қудалауда жүрген немесе бұрын қудалауда болған, (ҚР Қылмыстық-процесстік кодексінің 35 бабы бірінші бөлігінің 1 және 2 тармақшаларының негізінде оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда) адамдарды жұмысқа орналастыруға жол берілмейді. Яғни, мұндай жағдайда ақпарат толық беріледі. Осындай заңмен қарастырылған шектеулер болмаса, анықтамада көрсетілген деректер азаматтардың жұмысқа орналасуына кедергі болмауы тиіс.
С: Соттылық туралы анықтаманың берілу тәртібінің өзгеруі неліктен туындады?
Ж: Бұл мәселе бойынша комитетте терең талдау жасалынған. Сонда белгілі болғаны, анықтама көбіне жұмысқа орналасу барысында талап етіледі екен. Соған орай азаматтар аталған анықтаманы алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп өзі алады және оны жұмыс берушілерге өзі ұсынады. Бұл тәртіп Еңбек кодексінде қаралмаған. Яғни, анықтамадағы мәлімет еңбек шартын түзуге қойылатын шектеу қатарында жоқ. Шектеу тек Еңбек Кодексінің 26 бабы 2 бөлігі 3 тармағында көрсетілген қызметтерге тағайындауда ғана қарастырылған. Осындай жағдайларға байланысты мәліметті соттылықтың өтелуіне орай беруге және анықтаманың форматын өзгертуге шешім қабылданған. Сондай-ақ, бұл уәкілетті органдармен келісілген. Еңбек кодексінде көрсетілгендей кәмелеттік жасқа толмағандар оқитын білім беру, тәрбиелеу мекемелеріне жұмысқа орналасатын азаматтарға қатысты мәлімет уәкілетті органдар арқылы беріледі. Мысалы, мектепке жұмысқа орналасатын адамға қатысты қажетті мәліметті мектеп директоры жергілікті атқарушы органның білім беру бөлімі арқылы алуына болады. Бұл жөнінде комитетпен барлық әкімдіктерге түсіндірме хаты берілген.
Алдыңғы стандарт бойынша анықтамаларда мәліметтер ақталмайтын негіздермен қылмыстық істердің қысқартылған мерзіміне және соттылығының жойылғанына қарамастан беріліп келген болатын. Осының салдарынан жұмысқа орналасуға ниет білдіргендерді жұмысқа қабылданбаған. Жұмыс істеп жүргендер жұмыстан шығарылған. Соған байлынысты анықтаманың форматын өзгерту қажеттігі туындады. Біріншіден заңсыз жұмысқа қабылдамау жойылады, екіншіден уақытты үнемдеуге де көп септігін тигізеді.
С: Соттылық туралы анықтаманы кез-келген жұмыс беруші талап етуге құқылы ма?
Ж: Бұл мәселе Еңбек кодексінде қаралмаған. Жұмыс берушілер өздері талап етеді. Соның есебінен жұмысқа орналасушылар анықталып, ХҚКО-нан өздері алып ұсынуда.
Дайындаған — Гүлжан ЖҰМАШ