Соттылық туралы анықтама енді жаңа үлгіде беріледі

988
Соттылық туралы анықтама енді жаңа үлгіде беріледі

Қазақстан азаматтарына енді сотталғаны туралы анықтама жаңа үлгіде беріледі. Жаңа стандарттарға сәйкес, соттылығы өтелген немесе алынып тасталған, оларға қатысты қылмысты қудалау тоқтатылған азаматтар жаңа үлгіге сәйкес анықтама алады.

Айта кетейік, былтыр елімізде соттылық туралы анықтама 2 миллионнан астам адамға берілген. Ал Қазақстан бас прокуратурасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша статистика және есепке алу басқармасы өткен жылы 230 955, яғни күніне 800-900 анықтамадан берген. Бірақ бұл мәселеде арыз-шағымдар көбейіпті. Осылайша арнайы талдау нәтижесінде жаңа үлгідегі анықтама беру ұйғарылып отыр.

Жастықтың жалыны, ащы судың жетегімен қылмыс жасап, жазасын өтеп шыққан кейіпкеріміз секілділерге енді жұмысқа орналасуда кедергілер азаяды. Өйткені олар жаңа үлгідегі анықтамаға ие болады.

«Соттылығы жоқ» деген анықтаманы рәсімдеу мерзімі де қысқартылған. Тіпті шетел ассаңыз да жаңа үлгідегі анықтаманы бұрынғыдай апталап емес, бірнеше күн ғана күтсеңіз болғаны.

Әуелден қоғамның анықтамаға деген пікірі де санқилы болатын. Азаматтың соттылығы туралы жұмыс беруші міндетті түрде білу керек десе, енді бірі оның түкке керегі жоғын айтады.

Тағы бір жаңалық, құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің сайты да жаңартылды. «Қамқор» деп аталатын электронды қосымшадан қажетті ақпараттың барлығын табасыз. Сансыз ақпаратқа әп-сәтте қол жеткізгіңіз келсе, «Қамқор» қосымшасын ұялы телефоныңызға жүктеп алыңыз. Артық етпейді.

Жанар Есенбекова