Төртінші бюджет: ауыл-аймақты көркейтуге жеткілікті ме?

1550

Ұлт жоспарының 98-қадамында ауыл округтерінің өз бюджеті болуы қажеттігі айтылған. Жергілікті өзін өзі басқару тетігі арқылы ауыл әкімдерінің өз қазанына өзі иелік ету мүмкіндігі қарастырылған болатын. Мәжілістің жалпы отырысында, аталған мәселе талай мәрте талқы таразысына салынды.

Ауыл әкімдіктерінің қаржыны игеруі барысында түрлі заңсыздықтарға жол беруі мүмкін екендігі туралы күмән да болғаны рас. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың сөзіне сенсек, ауыл әкімдерінің бюджетті игеруге дайындығы тәп-тәуір көрінеді.

Еліміздегі 2500 ауылдық, кенттік әкімдікте бюджет ашылады. Оларға кейбір салықтар мен айыппұлдардан және коммуналдық меншіктерді сатудан түсетін
110 млрд теңгедей қаражат құйылады.

Былтыр «Зерде» оқыту орталығының базасында 1381 ауыл әкімі арнаулы курстан өтіпті. Бұл ауыл қазынасының аузын ұстайтын әкімдердің 56 пайызы басқару тетігінің қыр-сырына қанықты деген сөз. Оқыту курсынан өткен ауыл әкімдері мен қызметкерлері тест тапсырады.

Бюджет республикалық, облыстық және аудандық болып 3 деңгейге бөлінетінді. Енді оларға төртінші деңгей қосылды. Ауыл бюджетімен қосқанда 4 деңгейлі болады. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде 2018 жылдан бастап халық саны 2 мыңнан асатын әкімшілік бірліктерде ашылса, халық саны бұдан аз округтерде 2020 жылдан бастап ашылады.

Ауыл бюджетін басқарудың әр тетігіне дейін егжей-тегжейлі нақтыланған, яғни ауыл қазынасын басқару мәселесі жергілікті қоғамдастық жиналысында талқыланғаннан кейін аудандық мәслихатта бекітіледі. Ал бюджетті атқару ауыл әкімінің аппаратына жүктеледі. Есепшотқа аударылған ақша әрине тиісті органдардың қадағалауында болмақ. Ауыл қоржынындағы қаржы нақтыланған шығыстарды қамтымақ. Осылайша шалғай шеттегі елдімекендер өз қоржынына өзі иелік етпек. Бұл өз кезегінде ауылдың жағдайын түзеп, түтіні түзу ұшуына септігін тигізері сөзсіз. Әрине қаржы дұрыс жұмсалса…

Кадр… бәрін шеше ала ма?

Аталмыш мәселе Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясының жиынында тағы да пысықталды.Депутаттар «ауыл әкімдіктері интернет байланыс, компьютерлермен қамтылған ба, мемлекеттік органдар жүйелеріне қолжетімділігі қандай?» деген сауал тастады.
Ұлттық экономика министрлігінің мамандары мемлекеттік органдар мен мекемелер биылғы жылдың 1 маусымына дейін тіркелмеген жылжымайтын мүлік, ғимарат, көліктерді тіркеуге алатынын, сондай-ақ, 31 желтоқсанға дейін меморгандардың ақпараттық жүйесімен қамтамасыз етілуге уақыт берілгенін тілге тиек етті.

«Қазақтелеком» АҚ мәліметінше
1 066 ауыл округінің ішінде 835-і интернетпен қамтылған.
Ал 157 ауыл округі ақпараттық жүйемен жұмыс істеу талаптарына сай келмейді.
157 ауылдың
32-сіне спутниктік байланыс арналары тартылыпты.

Ал интернетпен қамту туралы ақпар күмән туғызғаны рас. Өйткені шалғай ауылдардың бәрі интернеттің игілігін көріп отыр деп өтіріктің өрісін кеңейткен жөн болмас. Министрліктің сөзіне сенсек 1 қыркүйекке дейін бәрі қамтылады екен.

Ақшаны игеріп жатқан ауылдар бар

Үш жылдан бері кейбір ауылдық округтерінде қолма-қол бақылау шоттары ашылып, жергілікті өз қаржыларын жинап, жұмсауға мүмкіндік берілген. Оны жергілікті қоғамдастық келісімімен ауыл әкімдері жұмсай алады. Осы уақытқа дейін әр ауылдың өз кірісі болған. Оның басым бөлігі түрлі салық көздері, жарнамадан яғни, түрлі билбордтар ілу сынды табыс көздері, коммуналдық төлемдер және айыппұлдар бар. Барлығы да ауылдың жағдайын жақсартуға бағытталады. Қалай, қайда жұмсау қажеттігін ауылдағы ағайын әкіммен ақылдаса отырып шешеді. Расында солай ма?
Алдағы уақытта ауыл әкімдіктерінің мойнына артылар жүк ауыр. Бюджетті игеру бір басқа, одан бөлек ауыл аймақтарды таза сумен қамту, жол жөндеу, тұрғын үй қорын күтіп ұстау, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға жәрдемдесу сынды міндеттері де бар…
Бетбұрыс жасалды. Енді сол шаруаны жоғары деңгейде атқару ғана қалып отыр. Ұлттың ұйытқысы ауылда. Ауыл көркейсе елдің дамуына даңғыл жол ашпақ. Ендеше аталған жоба сәтті жүзеге асса дейміз. Түп тамырымыз ауылда ғой…

Мақұлбек Аманов, Түлкібас ауданының Азаттық ауылдық округінің әкімі:

– Ауыл әкімдігінің бюджетіне түсетін негізінен 4 салық бар, ол — жер, мүлік, көлік, шаруа қожалықтарының-жеке кәсіпкерлердің төлейтін салықтары. Көлік және мүлік салығы аудан бюджетіне түседі. Олар оны біздің есебімізге аударады. Ауыл бюджетіне түсетін қаржы бақылауда болады. Яғни, қоғамдық кеңесте келісіледі, салықтан мынанша түсті оны мынаған жұмсауымыз керек деген сынды келісім керек. Қоғамдық кеңес оны бекітеді. Хаттама түзіледі. Содан кейін ғана мақсатты бағытта ғана жұмсауға мүмкіндік бар.

Гүлжан ЖҰМАШ