Шаһар аумағына Төле би ауданынан қосылған Тоғыс елдімекеніндегі кәріз жүйелері Шымкент басшылығының бас ауруына айналды. Мұндағы кәріз жүйелерінің істен шығып, қалдық судың Бадам өзеніне құйылып жатқанына бірнеше ондаған жыл болған. Алайда ол жүйені қалпына келтіріп, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге әрекет еткен мекеме болмаған. Енді қалалық мәслихаттың депутаттары осы мәселені өз бақылауларына алды.
Еске салар болсақ, қоқысқа толып жатқан Бадам өзеннің екі жағалауын абаттандыру үшін бюджеттен қыруар қаражат бөлінген. Шенеуніктер талан-таражға салған теңгеден қалғанына осы жұмыстар атқарылды. Бірақ өзен суы бастауының ластанап жатқанына бірталай жыл болған. Оған бала-шаға шомылмақ түгілі мал ішуге қауіпті.
Шаһарға қосылған елдімекендердегі осы былықты ауыл ақсақалдары қала әкіміне жеткізгеніне де аз уақыт өтпеді. Содан бері Бадам өзеніне құйылып жатқан шайынды судың көлемі көбеймесе, азайған жоқ. Әәзірге оған ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздай қоймапты.
Міне, осы келеңсіздіктердің бәрін жою үшін шайынды суларды тазартатын қондырғы орнату қажет дейді сала мамандары. Оның жобалық-сметалық құжатын жасауға 5 млн теңге бөлінді. Құжат дайын болса, құрылысқа қажетті 270 млн теңгені депутаттар бюджеттен бөлуге әзір екендерін жеткізді.
Нұрлан Күдерұлы