Уәдесі көп «Өрлеу»

511

«Өрлеу» жобасы – әлеуметтік жоба. Үш жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жоба кедейлік деңгейінен шығуға шамасы жететін, бірақ сол мүмкіндіктерін жүзеге асыру-да қолдауды керек ететін топ мүшелеріне арналған. Жобаға қатысушы ай сайын немесе үш айда төленетін шартты ақшалай көмек алуға және тұрақты жұмыспен қамтылуға мүмкіндігі бар. Осы жоба төңірегінде редакциямызға және kazrabat.kz, kz.otyrar.kz сайттарына келіп түскен сұрақ көп. Төмендегі мақалада сол сұрақтардың барлығының жауабы қамтылды.

Жобаға аз қамтылған отбасы қатыса алады. Бірақ оның отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы күнкөріс деңгейінен 60 пайыз төмен болу керек. Отбасы мүшесі еңбекке жарамды болуы міндетті. Сондай-ақ жоба ұсынатын әлеуметтік келісімшартты орындауға келісім берген жағдайда қатысады. Ал уақытша еңбекке жарамсыз азаматтар, баласы 7 жасқа толмаған аналар қатыстырылмайды. Өйткені, ол бала күтіміндегі ана болып есептеледі, бірақ баласы 3 жастан асқан және балабақшаға баратын болса, қатыса береді.

Сандуғаш ТОҚМУРЗИНА, әлеуметті нормативтер және әлеуметтік көмек бөлімінің бас маманы:

— Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін әлеуметтік көмектің басқа түрлері де ұсынылады(кәсіби дайындық, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, жұмысқа орналастыру).Мысалы, егер жобаға қатысушы отбасында жүкті әйел болса, оның есепке тұрғызу, ауруханаға қаралуы, ал егер мүгедек балалар болатын болса, оларды арнайы орталықтарда емдету қарастырылған. Сондай-ақ, жобаға қатысушылардың көбі шалғай ауыл тұрғындары болғандықтан, олар сұрақ туындаған сайын орталыққа келуге мүмкіндігі бола бермейді немесе қала тұрғындары жұмыстан шыға алмайды. Сол себепті жобаға қатысушы келісімшартқа отырған сәттен бастап жобаға қатысу мерзімі аяқталғанға дейін отбасыға көмекші, кеңесші тағайындалады. Қатысушы онымен кез-келген уақытта хабарласып, қалаған сұрақтарына жауап ала алады.

Қатысуға ниетті азамат өзінің тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш беруі қажет. Мұнда өтініш берудің және отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайы туралы сауалнама үлгілерін тегін алады. Қолыңызға қажетті құжаттардың тізімін ұсынады. Өтініш қабылданған соң, орталықтан құрылған арнайы комиссия өтініш беруші отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайын тексереді. Отбасында зейнетақы алатын қария немесе жалғызбасты ана алимент алған жағдайда, сондай-ақ өзге де әлеуметтік көмек не жәрдемақы кіріс болса, барлығы есептелінеді, кейін комиссия шешім шығарады.

2017 жылы «Өрлеу» жобасын ұйымдастыруға республикалық бюджеттен
5,1 млрд теңге бөлінген.

Шартты ақшалай көмек (ШАК) – жобаға қатысушылардың жұмыспен қамтылып, аяққа тұрып кеткенше ынталандыратын ақшалай нысан. ШАК мөлшерi отбасының жан басына шаққандағы табысы мен күнкөрiс деңгейiнiң 60 пайызы айырмашылығына тең. Жоғарыда айтып кеткендей, бұл көмекке келісімшартты орындауға келіскендер екі түрде қол жеткізеді. Біріншісі, отбасының еңбекке жарамды мүшесі жұмыспен қамту орталығы ұсынған жұмысқа орналасу керек. Мұндай жағдайда ШАК ай сайын төленеді.

Екіншісі, жұмысқа орналаспай, берілген қаржылай көмекке өзінің жеке кәсібін дөңгелету. Қажетті құрылғылар сатып алады. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығына жарата алады. Бұл кезде шартты көмек 3 айда бір рет, қайтарымсыз беріледі. ШАК-ты бұрын алынған қарыздар мен несиені төлеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсауға тыйым салынады. Жобаға қатысушы азамат орталықтың ұсынған жұмысынан шығып кетсе немесе өз кәсібін ашпай, қаржыны басқа мақсатта қаржыны жұмсаса, келісімшарт бұзылады және төленген ақшаны қайтаруға міндеттеледі. Келісімшарт 6 айға түзіледі.

Бүгінде облысымызда ІІ тоқсандағы күнкөріс деңгейі
21 291 теңгені құрайды, оның 60 пайызы — 12 775 теңге.

Мысалы бір отбасында 6 адам бар делік. Әке-шешесі және 4 баласы. Отбасының айлық табысы 30 000 теңгені құраған жағдайда (бұған отбасының бір мүшесінің жалақысы, балаларға мемлекеттен алатын қаржылай көмек) , отбасындағы жан басы-на бөледі. 30 000 теңгені 6 адамға бөлгенде, 5 000 теңге болады. Енді 5 000 теңгені 12775 теңгеден (күнкөріс деңгейінің 60 пайызы) азайтамыз. Сонда 7 775 теңге шықты. Шыққан сан күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болғандықтан, бұл отбасы ШАК ала алады. 7775 теңгені отбасындағы жан басы санына көбейтілгендегі шыққан сома, яғни 7775*6=46 650 теңге болды. Бұл отбасына берілетін шартты ақшалай көмек көлемі айына 46 650 теңгені құрайды.

«Өрлеу» жобасына қатысуға қажетті құжаттар тізімі:

  • Жеке басын куәландыратын құжат;
  • Отбасы құрамы туралы мәліметтер;
  • Тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат немесе мекенжай анықтамасы;
  • Отбасы мүшесіне (қажет болған кезде)қамқоршылықты (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат; жеке қосалқы шаруашылығының бар-жоғы туралы мәліметтер (қажет болған кезде);
  • Отбасындағы жобаға қатысушы жұмыс жасайтын болса, оны растайтын анықтама қағазы.

ОҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мекенжайы:
Шымкент қ., Желтоқсан көш., 20 «а»

тел: 30-10-40, 30-10-41