ЭКСПО-2017 көрмесінде ОҚО фото-көрмесі өтті

449
ЭКСПО-2017 көрмесінде ОҚО фото-көрмесі өтті

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі ОҚО фото-көрмесін түрлі елдерден келген қонақтар тамашалады

Оңтүстіктің Қазақстанның көркі — 25 фотосуретте. ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған фотоларда Қ.А.Яссауи және Арыстан баб, Қарашаш ана кесенелері, көне Отырар мен Сауран қалалары, Ақмешіт үңгірі, «Алаш» этно ауылы, этно-орталық бейнеленген. Экспозицияға күнгейдің тамаша табиғатының фотосуреттері де еніп отыр.

Іс-шара жоғары дәрежеде өтуде. Фото-көрмеге ЭКСПО комиссарлары, комиссарлардың орынбасарлары, көрмелердің халықаралық бюросының делегаттары мен павильон директорлары, дипломатиялық өкілдік басшылары, халықаралық ірі компаниялардың иелері — 100 елден келген қонақтар қатысты.

ЭКСПО-2017 көрмесінде ОҚО фото-көрмесі өтті

Оңтүстіктегі туризмнің дамуын жаңа сатыға көтеретін іс-шараны Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының қолдауымен Ontustik Tourism орталығы және «Оңтүстік Қазақстан облысындағы туризм индустриясын дамыту орталығы» қауымдастығы ұйымдастырды. Айта кетейік, фото-көрмедегі экспозиция қонақтарды қатты қызықтырды.

Лу Джи, Ұлы Жібек жолы павильонының комиссары, Үндістаннан келген: «Ең алдымен, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі әлемдік деңгейдегі ауқымды іс-шара екенін атап өту керек. Ал Сіздер таңдап алған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы осы жарқын болашаққа жақындап, алға қадам басуға мүмкіндік береді. Мен ЭКСПО-2017 көрмесінен керемет әсер алып жүрмін. Қазақстан мені баурап алды. Осында келгелі бері бизнес-қауымдастықпен кездесіп, болашаққа жоспар құрдық. Бұл елдің адамдары — керемет. Ал бүгінгі фото-көрме жайлы айтар болсам, өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар жақсы жұмыс атқарған. Көрмені өткізуге асқан жауапкершілікпен атсалысуда. Оңтүстік Қазақстан облысының қонақжайлылығын паш ететін фото-суреттер — өз алдына бөлек тақырып. Қазақстанның Оңтүстігінде туристер қызығатын жер өте көп, тарихы бай, табиғаты тамаша. Сондықтан, Оңтүстікке саяхаттап баруды жоспарлап отырмын.»

ЭКСПО-2017 көрмесінде ОҚО фото-көрмесі өтті

Әсем Қазбағарова, Sky Way Travel туроператорының бас директоры: «Оңтүстік Қазақстан облысы осындай іс-шараны өткізген алғаш облыс екенін айта кету керек. Бұл — халықаралық дәрежедегі алаңшада өз әлеуетіңді таныстыруға керемет мүмкіндік. Ішкі және сыртқы бағыттағы туризмді дамытуға, шетелдік туристердің қызығушылығын тудыруға жақсы мүмкіндік. Бүгін бізге әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп отыр. Біз бұл іс-шара Қазақстанның, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан өлкесінің туризм саласын, Ұлы Жібек жолы бойындағы қалаларды тек елімізде ғана емес, шетелде де танытуға сеп болады деп сенеміз. Мақсатымыз — Оңтүстік Қазақстанда бүкіл әлем қызығатын туристік өлке ретінде дамыту. Бір белгілісі — Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облысының бұл тұстағы әлеуеті өте кең. ЭКСПО-2017 көрмесі осы әлеуетті дамытуға көмектеседі деп сенеміз.»

Анықтама: World Expo Commissioners клубы құрылған сәтінен бастап Халықаралық көрмелермен тығыз байланысты жұмыс істеуде. Оның мақсаты — көрмені ұйымдастырған елдің қонақжайлылығын дамыту мен мәдениет аралық диалог орнату, жергілікті және халықаралық институттардың, жеке сектордың байланысын нығайту. Клубтың жыл бойы өткізілген іс-шаралар толы арнайы күнтізбе платформасы бар.