Елорда төріндегі ЭКСПО халықаралық көрмесін тамашалауда Оңтүстік халқы белсенділік танытуда. Жуырда жаһан назарындағы көрме қызығын Шымкенттегі Биғараевтар отбасы да көппен бірге көріп қайтты. Астанадан алған әсеріміз шексіз дейді саяхаттап келгендер. 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның көрмеге қойған дүниелерімен, заманауи жаңалықтарымен танысып қайтқан отбасы өз әсерлерімен тілшілермен де бөлісті.
ЭКСПО аумағына қанат жайған халықаралық павильондардың қай-қайсысына бас сұқсаңыз да, адамзат игілігі үшін қуат көзін пайдаланудың небір әдісіне тәнті боласың. Мәселен, Оңтүстік Корея павильонында тұрған «Хюндай» автомобилінің сутегімен жүретінін айтып жатса, Чехия Астанаға электр тоғымен ұшатын ұшақ және қуат көзімен жүретін велосипед әкелген. Осы секілді тың технологияларды өз көзімен көріп қайтқан Шымкенттік Ақерке көрменің көрнекісін айтып мақтанды
Құралбекова Ақерке, 7 сынып оқушысы: «Маған Австрия мемлекеті қатты ұнады. Мен өзім спортқа жақын болғандықтан, ол жақтағы түрлі спорттық жабдықтар болды, соларды көрдім. Әпкем екеуміз велосипед тептік, ал теледидардан энергиямен түрлі бейнелер көрсетілді. Маған ЭКСПО көрмесі ұнады. Менің арманым толықтай орындалды. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа рақметімді білдіремін.»
Шетел асып бармаса да әр мемлетекеттің павильондарына кіріп, олардың қай бағытта дамып жатқанын тамашалаған Бақытгүл Артыққызы көрмеден кейін болашаққа талпыныс, бағыт-бағдар алғанын айтады. Балаларының көкейіне болашаққа деген сенім артқанына мәз-мейрам болған ана әр Қазақстандық ЭКСПОны көзбен бір көруге лайық шара екенін айтады.
Бақытгүл Есен, қала тұрғыны: «Болашақ энергиясы» деп айтылды, бұл болашақтың қамын ойлағандары. ХХІ ғасыр, жер қойнауындағы байлықтар сарқылып жатыр. Міне, ғалымдар соны ойлап, халықаралық ЭКСПО көрмесінде біздің Қазақстан осы тақырыпты таңдады. Өте орынды деп ойлаймын. Ерінбей барлығын араладық. Мәселен, Латын Америкасына 8 мемлекет кіреді екен. Оларда энергия 0 теңге екен. Тіпті олар оны қайда жұмсарын білмейді. Біздің Қазақстан соған жету керек. Күннен, желден, судан энергияны алу керек. Балаларымыз бәрін көрді. Олар болашағына сенді. Ғылымға қызықты. Бұл не нәрсе деп, үңіле қарап тамашалады. Соның өзі үлкеен жетістік деп ойлаймын.»
Сондай-ақ, өзбек елінің нанотехнологиялар орналасқан павильоны да көздің жауын алады. Онда жаңа технологиямен өсірілген көкөністер, ең бастысы — күн сәулесі және электр қуатымен жүретін көліктер қойылған. Биғараевтар отбасының айтуынша, шетелдіктердің көрмеде ұсынар қызықтары көп. Әр елдің ұлттық салт-дәстүрі, музыка және ұлттық аспаптағы әуендері жадыдан әлі ұзақ уақыт бойы кетпесі анық. Айта кетейік, бүгінгі таңға дейін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін бір жарым миллионнан астам адам тамашалады. Олардың арасында көрермен көп жиналғандары — Африка Плаза, Мысыр және Үндістан павильондары.
Гүлжан Байназарова