Енді емдеу мекемесіне тіркелмегендер медициналық көмекті ақылы негізде алады. Өйткені Қазақстандағы барлық денсаулық сақтау мекемелері бірінші шілдеден бастап медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қызмет көрсетуді бастады. Бұл жаңа жүйе оң өзгерістер әкеледі деп сендіреді салаға жауаптылар.
Медициналық сақтандыру — денсаулық сақтау саласындағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі. Яғни, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. Сондықтан, жаңа жүйе бойынша ем қабылдау үшін тұрақты жұмысы бар әр азамат айлығының 2 пайызын жарна ретінде төлеп тұруы тиіс. Бұл шарт жеке кәсіпкерлерге де қатысты.
Алексей Цой: «Бірінші шілдеден бастап жарнаға ақша төлеу басталды. 2020 жылда аталған көрсеткіш 2 пайызға дейін сақталады. Жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер де осы санатқа кіреді. Ал жұмыс берушілер жаңа жүйе бойынша 2017 жылдан бастап кірістің 2 пайызын медициналық қорға аударуы шарт. 2020 жылда оның көлемі 5 пайызға дейін өсуі тиіс.»
Қазір қаладағы емханалар жаңа жүйе бойынша қызмет көрсетуді бастап кетті. Әзірге медициналық сақтандырудың жаңалығы көпшілікті қызықтыра қоймаған секілді. Өйткені емхана келушілердің басым бөлігі — егде жастағылар. Ал үкімет бұл зейнеткерлер үшін қызметті тегін түрде көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, сақтандыру бойынша 15 осал топтағы азаматтарға ем қабылдау — ақысыз.
Медициналық сақтандыру енгізілді деп жарияға жар салынғанымен, денсаулық сақтау саласындағы бұл өзгерістен халықтың хабары жоқ секілді. Өйткені көбісі жаңа жүйемен таныспақ түгілі медициналық сақтандырудың не екенін әлі білмейді.
Қарапайым халыққа медицина саласындағы бұл өзгерісті хабардар ету үшін сала мамандарына әлі де түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет-ақ. Өйткені әлеуметтік көмек — көпшілікке ең қажеттілердің бірі.
Лаура Нахыпқызы