Мақтаарал ауданында табиғи газ мәселесі шешілмей келеді. Аймақтағы жол жыры да бітер емес. Ал көпқабатты үйде тұратын халық ауызсуға жарымай отыр. Мырзашөл жеріне іс-сапармен барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осындай олқылықтарға қанықты.
Жансейіт Қансейітұлы мырза бұл жолы жоспардан ауытқыды. Әдеттегідей дайындалып қойған орындарға ғана емес, халық көп шоғырланған жерлерге барып, тұрғындардың уәжін тыңдады. Атакент ауылындағы автовокзалға ат басын бұрған өңір басшысы ә дегеннен мұндағы көріністі сынға алды. Әкімді көре сала жұртшылық ауылдықтарды алаңдатқан өзге де әлеуметтік проблемаларды жеткізді.
Тамақтану орындарының сыйқы мынау. Қарақұрым халық кірден көрінбей тұрған орындардан жүрек жалғап отыр. Аймақ басшысы автовокзалдағы ахуалды реттеуге бір ай мерзім берді.
Жетісай қаласы Жастар көшесіндегі мына қос қабатты үйлер күйреп тұр. Тұрғындар ауыз суға жарымайды. Сыртқа шығарылған кәріз жүйелерінен қиналған жұртшылық өңір басшысына мұңын шақты.
Осылайша іс-сапар барысын өзгерткен өңір басшысы бірқатар түйткілдерге қанықты. Кемшіліктерге жол берген жергілікті билік өкілдеріне халыққа ыңғайлы жағдай жасауды тапсырды.
Мақпал Рысбаева