Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жансейіт Түймебаев партия филиалының бас ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Өңір тұрғындары ауылдық жердегі электр бағаналарының ескіргенін, медициналық сақтандыру жүйесі, әйелдер гендерлік саясатының мәселелерін қаузап, Нәзір Төреқұловтың туылғанына 125 жыл толуын атап өту, тұрғын үй кезегін жылжыту жөнінде көмек сұрады. Алдына келген әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдаған өңір басшысы тиісті орындарға тапсырмалар берді.
Қоғамдық қабылдауға келген Сайрам ауданы Теспе елдімекенінің тұрғыны зейнеткер Жамалбек Пернеев ауылдағы электр бағаналарының ескіргенін айтып шағымданды.
— Ауылымыздағы электр бағаналары әбден тозып, құлаудың алдында тұр. Бұл мәселені көтеріп, аудан басшылығына да шағым түсіргенбіз. Алайда бұл мәселенің оң шешімі болмау тұр,- деді зейнеткер.
Облыс әкімі аталған мәселенің 2018 жылы инвестициялық бағдарлама аясында шешілетінін айтты.
— Сайрам ауданы, Көлкент ауыл округі, Теспе ауылында орнатылған 6,254 шақырым электр желісі мен трансформатор — «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің теңгерімінде. 2016 жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС инвестициялық бағдарламасы есебінен жарамсыз 12 ағаш бағананы сымдарымен ауыстырған. Ал биыл қосымша қуаты 100 кВА болатын трансформатор орнату жоспарда бар. 2018 жылғы инвестициялық бағдарламаға сәйкес тұрғындарды қамтамасыз етудегі 100 кВА трансформаторды 160 кВА трансформаторға, төменгі кернеулі 0,4 кВ-тық электр бағаналары мен қоса электр желісін толығымен ауыстыру жоспарланған, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Мұнан соң әкім алдына облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова кірді. Баян Айтбекқызы өңіріміздегі әйелдер қауымының және отбасы құндылықтарын сақтау төңірегіндегі қордаланған мәселелерге тоқталды.
Алматы қаласының тұрғыны, Нәзір Төреқұлов халықаралық қайырымдылық қорының президенті Әбдіжаппар Сапарбаев қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың туылғанына 125 жыл толуын Оңтүстікте атап өтуді сұранды.
Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ОҚО филиалының төрайымы Аяниязова Рита ауылды жерлердегі медициналық сақтандыру жүйесінің орындалу барысын сөз етті.
Ал Сайрам балалар үйінің түлегі Луиза Салимжанқызы 2013 жылдан үй кезегіне тіркелгенін, алайда баспанаға қол жеткізе алмай отырғанын және күйеуінің жұмыссыз жүргенін айтып шағымданды. Кездесу барысында әкім шағымданушыға жыл соңына дейін пәтер берілетінін мәлімдеп, жұмыссыз жүрген отағасын жауапты азаматтарға еңбекпен қамтамасыз етуді тапсырды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Самат Мырзалиев