Оңтүстік халқы Астана күнін тойлауды бастап кетті

Оңтүстік халқы 6 шілде — Астана күнін тойлауды бастап кетті. Бүгін облыстық орыс драма театрының ғимаратында «Асқақтай бер, Астана!» атты салтанатты іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, мерекені ашып берді.

Сөз алған өңір басшысы алдымен бас қаламыздың Қазақстан үшін алар орны мен қиын-қыстау кезеңде бойын тіктеп, жеткен жетістіктерін тізбелеп шықты. Сонымен қатар дәл осы күні «Облыстың құрметті азаматтарына» төсбелгілері табысталды. Қазақстан Республикасының рәміздері, қарулы күштері, полициясы және ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдығына орай «Облысқа сіңірген еңбегі» медалімен бірқатар азаматтар марапатталды.

 

Айтулы шара аясында екі бірдей кітаптың тұсауы кесілді. Еліміздің тәуелсіздігі мен жетістігін паш ететін «Жаһан таныған жеті тұлға» атты халықаралық туындыға әлемдегі мемлекет құрған 7 тарихи тұлғаның өмірі арқау болған. Олардың қатарында Елбасы, Ата Түрік, Черчиль сынды есімдер бар. Алғы сөзін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жазған. Авторы — Абай Ескендіров.

Сонымен қатар «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих» атты шығармада Президенттің тәуелсіздік алғалы сапары сирек кездесетін суреттер арқылы берілген. Хронологиялық дүниені құрастырған — Асылбек Досалы. Облыс басшысы тұсаукесерде өзгелер үшін рухани азық болып табылатын кітапты шығаруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, алғыс хаттармен марапаттады.

Абай Ескендіров, «Жаһан таныған жеті тұлға» кітабының авторы: «Кітап 4 жыл жазылды. Өзімнің жинаған қорларымды пайдаландым. Кітапты «Жаһан таныған жеті тұлға» деп атауымның себебі бар. 7 — киелі сан және бұл тұлғалардың барлығы мемелекетті жаңадан құрғандар. Сондай-ақ, Елбасының мәңгілік ел саясатын, Орталық Азияға төнген қатерлерді, олардың бетін қайтарудағы Президентіміз ұсынған жоспарларды, сапарларды да қамтыдым. Бүгінде 1000 данамен шықты. Алдағы уақытта оның санын көбейтуді жоспарлап отырмын».