Сарыағаш депутаттары мектеп құрылысына алаңдайды

Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаттары облыстық мәслихаттағы мемлекеттік-құқықтық сұрақтар бойынша және жергілікті басқару комиссияларынан көмек сұрайды. Халық қалаулылары тендердің өту барысын тексеру азаймай отыр дейді. Соның салдарынан ауыл-аймақтағы мектеп құрылысы тоқтап тұр.

Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаттары алаңдаушылық білдіруде. Халық қалаулылары тендердің төңірегіндегі тексерулердің салдарынан ауыл-аймақтағы білім беру нысандарында құрылыс басталмай тұр дейді. Бұған қоса елдімекендердегі мектептердегі күрделі жөндеу де тоқтап тұр.

Әлмахан Мәуленов, Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты: «Не деген масқара?! Аудандағы 16 мектептің екеуінде құрылыс жұмыс басталып, қалғандарында тыныш. Тендерлер тексерілді, бір емес, төрт реттен. Құрылыс қашан басталмақ? Тендерлер қаңтар айына дейін жалғасса, оқушылар қайда оқиды? Халық шулап жатыр. «Финконтроль» дей ме? Онда мектептегі құрылысты өздері жүргізсін!»

Сапарәлі Селтанов, Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты: «Таңқаларлық жағдай – жаңа оқу жылына екі ай қалды. Сонда құрылысшылар үлгере ме? Менің зейнеткерлікке шыққаныма жеті жыл болды, білім саласында көп жылдар еңбек еттім. Мынадай сорақылықты көрмегенмін.»

Манақбай Қалменов, Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты: «16 мектептегі құрылыс бойынша тендер ойнатылды. Біреуінде М.Әуезов атындағы мектепте жеңімпаз анықталды, қалғандарында тексерулер жүргізілуде.»

Осылайша аудан депутаттары бақылаушы органдардың іс-әрекетіне көңілдері толмай, облыс мәслихатының депутаттарынан қолдау сұрауда. Олар жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік- құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияға арыз жазды. Жергілікті кәсіпкерлер де мемлекеттік сатып алу конкурстарының әділ өтуін талап етуде. Тендерге қатысып, құралақан қалғандар министрлікке шағымданыпты.

Сарыағаш депутаттары мектеп құрылысына алаңдайды

Жаңабай Ағабеков, кәсіпкер, облыс мәслихатының депутаты: «Мен тендерге қатыстым. Алайда Батырбек Көшербай министрліктен хат бар, біз көзден болмайды деген деді. Бопты, ел қатарлы көреміз деп шығып кеттім. Кейін қарасам, екінші мектептегі жеңімпаз да мен сияқты біз көзден, кемішіліктер бірдей. Алайда мен өтпедім, ол өтті. Шынайылық қайда. Неліктен біреуіне болады, екіншісіне болмайды? Осы мәселеге қатысты министрлікке хат жаздым. Бұл жерде сыбайластық жемқорлыққа жол берілген».

Сарыағаштықтардың көтерген мәселесіне қатысты тұрақты комиссияға ОҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Батырбек Көшербай арнайы шақырылған. Қаржы министрлігіне қарасты құрылымның өкілі конкурстың өтуіне байланысты 1328 шағым түскенін айтты.

Батырбек Көшербай, ОҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы: «Қазіргі таңда камералды бақылау 4 бағытта жүргізіледі. Біріншісі – артық талап қойылмауы тиіс. Екіншіден – орындау мерзімі 15 күннен асырмау керек. Техника мен тәжірибесін айқындайтын тұстар да анық болуы тиіс. Біз 21 сұрақ бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын бақылаймыз. Біздің міндетімізге тоқтату, бұзу кірмейді. Төрт бағыт бойынша ешқандай кемшіліктер анықталмаса, онда 5 күнде хабарлама жарияланып, потрал ашылады. Бұдан кейін келісім-шартқа тұруға рұқсат. Арыздар болса, 10 күн мерзім беріледі. Егер біздің қызметімізге көңілдеріңіз толмаса, шағымдарыңыз болса, өкілетті органға жазбаша арыз жолдаңыздар».

Енді бұл мәселемен облыстық мәслихаттың мемлекеттік-құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы айналысатын болады.

Шынар Оразова