Шымкентте 20 отбасы жылусыз қалуы мүмкін

220
Шымкентте 20 отбасы жылусыз қалуы мүмкін

Шымкентте 20 отбасы қыста жылусыз қаламыз деп алаңдап отыр. Өндіріс көшесіндегі №1 үйдің тұрғындары істен шыққан элеваторды ауыстыруға қаражат жинай алмай отыр. Мамандар жылу магистралін жаңалау үшін 180 мың теңге қажет дейді.

Тұрғындардан маза кеткен бүгінде. Жылусыз қаламыз деп, күндіз — күлкіден, түнде ұйқыдан қалдық дейді. Мамандар элеваторды ауыстыру мен 20 метрлік жылу құбырын жаңалау жұмысына 200 мың теңгеге жұмсалатынын айтқан. Ал мұнда, негізінен, мүгедектер мен зейнеткерлер, тұрмысы төмен отбасылар тұрады. Олар қаражат жинауға шамамыз келмейді деп налып отыр.

Людмила Князькина: «Жағдайымыз келмеген соң көмек сұрап отырмыз. Қыста жылусыз қалатын түріміз бар. Айтылған қаржыны біздің тұрғындар жинап бере алмайды. Былтыр қыстан әрең шыққанбыз. Екі рет ауруханаға жатып шықтым. Жылу жүйелері әбден сыр берген.»

Ольга Контаева: «Бетін аулақ қылсын, бірақ жылу болмаса алдымен мүгедектердің жайын қиын болады. Олар жүре алмайды. 7 жылдан бері көрген күні осы. Қыста үй жылынбаса, халі не болмақ?»

Тұрғындардың жайына «Қуат жылу орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мамандары да бей-жай қарай алмады. Мамандар сервистік қызмет көрсету жүйесі бойынша жуырда жылу жүйелерінің жаңартылатынын жеткізді. Материалдардың шығыны мен қызмет ақысына абонеттер есебінен бір тиын да төленбейді дейді мекеме басшылары.

Сонымен жылу жүйесіндегі ақаулар ретке келтіріліп, элеватор да ауыстырылатын болды. Ол үшін абоненттер алдымен сервистік қызметпен келісім-шарт жасасуы қажет. Жергілікті тұрғындар мұндай ұсынысты бір ауыздан қуана қабылдады. Енді халық жылусыз қаламыз деп қамықпайтын болды.

Мақпал Рысбаева