Шымкентте бұрынғы адвокаттар кеңсесі жанып кетті. Келеңсіз жағдай таңғы сағат 6 шамасында болған. Өрт шығып, соңы қатты жалынға ұласады. Тілсіз жаудың кесірінен ғимараттың сау-тамтығы қалмай, жанып кетті. Өртті ауыздықтауға 17 техника мен жеке құрамнан 113 адам жұмылдырылған.
Лезде күш алған жалыннан ғимараттың бір жағы опырылып түсті. Бұл кезде төтенше жағдай қызметкерлеріне өртті сөндірмек түгілі аман қалудың өзі қиын болған. Қатты шарпыған қызыл жалынның салдарынан бір өрт сөндіруші жарақат алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған шұғыл түрде ота жасап, өмірін аман алып қалды. Қазір ол жан сақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.
Күшті жалыннан ескі ғимараттың сау тамтығы қалмаған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 17 техника мен жеке құрамнан 113 адам жұмылдырылған. Төтеншеліктер лаулаған жалынмен үш сағатқа жуық арпалысты.
Осылайша бірер сағаттың ішінде ғимараттың күл-талқаны шықты. Алапат өрт жалпы көлемі 517 шаршы метр аумақты қамтыған. Қазір мұнда өрттен кейінгі қирандылар сыртқа шығарылып, зақымдалған электр энергиясы қалпына келтіріліп жатыр. Ал жалынның шығу себебі анықталуда.