Түлкібаста «Қымыз мұрындық» фестивалі өтті

1133
Түлкібаста "Қымыз мұрындық" фестивалі өтті

«Қымыз мұрындық». Осындай атаумен облыстық салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығы мен Түлкібас аудандық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімі бірлесіп, байқау ұйымдастырды. Байқауға Түлкібас ауданына қарасты ауылдардан қымыз ашытудың қыр-сырын меңгеріп, тіпті оны жеке бизнесіне айналдырған 5 отбасы қатысты.

Қымыз мұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу рәсімі. Халқымыздың ұлттық мерекелерінің бір түрі. Қазақ халқы алғашқы қымызына ауылдың ақсақалдары мен көршілерін шақырып, той-тойлап, мәре-сәре болған. Яғни алғашқы қымыз көпке бұйырсын деген тілекпен дастархан жайып, арнайы мерекелеген. Бүгінде бұл сөздің мағынасын бірі білсе, енді бірі біле бермейтіні анық. Ертеде халқымыздың ұлттық мерекесін дәріптеу мақсатында әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері арнайы байқау ұйымдастырды.

Түлкібаста "Қымыз мұрындық" фестивалі өтті

Қымыз мұрындық байқауына қатысқан бес отбасы бес түрлі қымыз ашытып жарысты. Олар бие бауда бие сауу тәсілінен бастап қымызды қалай жасау тәсілдеріне дейін көпшілікке көрсетті. Байқауға қатысушылардың барлығы әулеттерінен ұлттық сусынымыздың қыр-сырын меңгергендер екені көрініп тұр. Солардың бірі — Көлбаевтар отбасы. Олар саумал қымызын ашытты. Отанасы Жәмиланың саумал қымызынан дәм татқандар ерекше дәміне таңдай қақты.

Жеңімпаздары анықтауға арнай құрылған комиссия мүшелеріне қатысушылар бес түрлі қымыздың дайындалу тәсілін егжей-тегжей түсіндірді. Дайын болғаннан кейін дәм татқызды. Ұлттық сусынды дайындаған отбасылардың арасынан үздігін таңдау оңай болмағанын айтқан қазылар қатысушылардың алқасы барлығына керемет деген баға берді.

Түлкібаста "Қымыз мұрындық" фестивалі өтті

Арнайы ұйымдастырған байқау негізінде сол жерде жиналған халық арасында қазір ұмыт болған ұлттық ойындар да ойналды. «Мешкей» ойынына 3 азамат қатысып, нәтижесінде 16 кесе қымызды бір мезетте төңкерген Нұржан қарсыластарым тоқтамағанда әлі де іше берер едім дейді.

Бие баудың басына жиналған қалықтың барлығы ұлттық нақышта киінген. Байқаудан кейін жиналған қауым ұлттық ойындарымызды ойнап, арқа-жарқа болды. Сонымен қатар ұлттық құндылықтырымызды паш ететін қойылымдар қойып, халық әндерін орындады.

Жанерке Хұмар