Соңғы күндері Оңтүстікте аптап ыстық. Жазғы шілде күшіне әбден мінген. Осындай ыстықта адамдар ебін тауып, салқындар-ақ. Ал жануарлар қайтеді?
Салқын бассейін, желдеткіштер, сусындар мен балмұздақ. Адамдар ыстықта осылай салқындай алады. Ал зообақтағы тіршілік иелерінде ондай мүмкіндік жоқ. Мұндағы жануарлар тек зообақ қызметкерлерінің көмегімен ғана ыстықтан сақтануда. Мысалы, жыртқыш аңдар — жолбарыс пен арыстанның торларына дүркін-дүркін су себіліп, ішетін суы алмастырылады. Ал суға аптасына екі рет түсіріледі.
Дегенмен, зообақтағы жануарлардың барлығы душқа түсе бермейді. Сондықтан, әрқайсысына түрлі жағдай қарастырылған. Бұл тұста аюлардың жолы болғандай. Олардың торларында арнайы бассейн қойылған. Нәтижесінде қоңыр қорбаңбай кез келген уақытта суға сүңгіп, салқындай алады.
Дегенмен, зообақта суға түсуді қажет етпейтін жануарлар да бар. Мысалы, тұяқтыларға мұндай ыстық ауа райында мол су ішсе жеткілікті. Суға түсіру — міндетті емес. Осылайша мұндағы жануарлар жергілікті ауа райына біршама бейімделіп қалған. Олардың көбісі осында туып-өскен.
Ал енді цирктегі аңдарға аздап қиындау. Дегенмен, бұл тұста да адамдар жануарларды суға түсіріп қана көмектеседі. Цирк қызметкерлері қолдарындағы жануарларды жақсы көреміз және аяймыз дейді. Сондықтан, аптап ыстықта олардың нөмірлерін біраз қысқартқан.