Шымкент гарнизонының әскери сотында Жамбыл облысындағы 91-678 әскери бөлімінің штаб бастығы, майор Б. Шойбековке қатысты сот процесі басталды. Бақыт Шойбеков өз міндетіне салғырт қараған деп айыпталуда. Естеріңізге салар болсақ, осы жылдың ақпан айында оқу-жаттығу кезінде қар көшкінінің астында қалып, жеті адам қаза боған еді. Ал сегіз адам түрлі дәрежеде дене жарақаттарын алған болатын.

Сот процесіне айыпталушының туыстары мен қаза болған жауынгерлердің туыстары қатысты. Қос тарап та майор басшыны қайғылы қазаға кінәлі емес, тек орын алған жайдың құрбаны деп есептейді.

Бақыт Шойбековтың өзі кепілмен жүр және процесте адвокаттың жанында отырды. Сот барысында әскери бөлімнің өкілі сотталушыға мүліктік шағым жасаудан бас тартты. Қайғылы жағдай болған күні жоғалған құрылғылар мен мүлік бүгінде толығымен қайтарылған.

Сот әскери бөлімнің мүліктік шағымды алып тастады. Барлық қатысушының келісімімен істі қарау басталды. Айыптау 45 минутқа жалғасты. Қайғылы оқиға қарсаңында бөлім командирі қызметтік іс сапарда болған. Сондықтан бар жауапкершілік штаб бастығының мойнында болған. 16 ақпан күні тауда ауа райының бұзылатындығы туралы шұғыл ақпарат кеп түскен. Оған қарамастан әскерилер Көксай шатқалына оқу жаттығу жасауға шыққан.

Оңтүстік өңір әскери прокуроры Ермек Жанатаев: «Майор Шойбеков оқу жаттығу кезінде жеке құрамның жарақат алу және қауіпті жайдың алдын алу шаралары қабылданбаған. Арнайы жаттығу кезінде қауіпсіздік шаралары ескерілмеген. 01-28 Әскери топ 91678 әскери бөлімінің тауға кіруі майор Бралиннің бекітуімен болған. Көксай шатқалына бару ақпанның 20-нан кейінге жоспарланған болатын»- деді.

Нәтижесінде 15 адам қар көшкінінің астында қалды. Ұйымдастырылған шұғыл құтқару жұмыстарына қарамастан опат болғандардың денелері бес сағаттан соң ғана қазылып алынған. Сотталушы өз айыбын толық мойындады. Өз түсініктемесінде майор бөлімдегі жағдайды толық бақылап үлгермегенін айтады.

Айыпталушы өзінің мінсіз қызметі мен қарауындағы жасөспірім қарындастары мен қарт анасы, мүгедек қарындасының барын ескеруді өтінді. Сот процесі әлі де жалғасады.

Жанар Есенбекова