Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі ашылғалы бері Астанаға келген көрермендердің жалпы саны шамамен 2 миллион болды. Қонақтардың жиі баратын кешендердің тізімінде Қазақстанның ұлттық павильоны «Нұр Әлем» көш бастап келеді. Одан кейінгі орындарда Африка Плазасы, Мысыр және Үндістан павильондары тұр. Осы орайда бос уақытында елімізде өтіп жатқан халықаралық көрмені тамашап қайтқан оңтүстік тұрғындары көрмеден алған әсерлерімен бөлісті.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің көрігін қыздырып тұрған павильондардың бірі — «Африка плаза». Соңғы статистикалық мәліметтерге сенсек, Қара құрылық атынан келіп қатысып жатқан павильон 21 бірдей елдің басын біріктіріп отыр. Аталмыш павильонның атағын аспандатып тұрған — қолөнер жәрмеңкесі. Павильон ашылған күннен бері Африканың дәстүрі мен өмір салтына қызығушылық танытқандардың саны көп болғандықтан, саудасы да қызу жүріп жатыр.Ендеше, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келсеңіз, Африка халқының өнері туралы барынша мол білуге болады.
Динара Құралбекова, қала тұрғыны: «Біздің елімізде ЭКСПО көрмесінің өтіп жатқанына өте қуаныштымын.Себебі біз секілі жастарға өте көп септігін тигізеді деп ойлаймын. Менің өзіме үлкен әсер қалдырған ел — Африка болды. Оның павильонына, жәрмеңкесіне кірдім. Және Ресейдің павильоны да ерекше. Барлығы шынайы болды. Олар мұзтауын алып келген, оны қолымызбен ұстап көрдік. Кемесін де алып келіпті. Германия елінің павильоны да өте әдемі. Немістер болашақта сумен жүретін көліктерін алып келген.»
Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің көрігін қыздырып тұрған павильондардың бірі — Мысыр елі. Топырағын түртсең тарихы көрінетін Мысыр елі өзінің жұмбақтығымен тартымды екені анық. Олар көрмеде қатпарында қырық оюы бар қыш ыдыстарды әртүрлі қырынан көрсететін жаңа технологияның да тыныстырды. Одан бөлек Мысырдың мәдениеті мен тылсым тарихымен танысып, мәдени ойын-сауық шараларға қатысып, ежелгі пирамидалар елі павильонына есте қаларлық саяхат жасауға болады
Әлия Әділбек, қала тұрғыны: «Бірініші болып ЭКСПО көрмесінің сәулеттік символына айналған, көрме кешенінің орталық нысаны «Нұр әлем» ұлттық павильонына бас сұқтық. Көздің жауын алатын алып шар тәрізді ғимарат әлемдегі ең үлкен сфера болып есептеледі екен. Әр қабатта өзінің тақырыбына сай дүниелер орнатылып, аталған элементтер арқылы қуат көзін табу жолдары айқын көрініс тапқан.»Нұр əлемнің» 4-қабатында осы туралы айтылады. Ағаштың қалдықтарын өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру, судағы түрлі жасыл балдырларды қолданып ауадағы көмірқышқыл газының мөлшерін азайту, биоцемент немесе энергиясы бар тастар арқылы адам қуатын қалпына келтіру сияқты адам айтса сенгісіз, тек ертегіде ғана кездесетін таңғажайып туындыларды көріп, аң-таң боласың.»
Ал Үнді ғалымдары көрмеге баламалы жəне жаңартылатын энергия көздері саласындағы өздерінің ең үздік өнімдері мен технологияларын əкеліпті. Олар болашақта энергияны күннен қуат алатын шынылар арқылы өндірмек. Сондай-ақ, әлемге танымал үнді шайы мен тəттілерінің түр-түрі де павильонда толып тұр. Бейне бір көрмеге емес, Үндістанның қайнаған базарына кіріп кеткендей күй кешесің. Айта кетейік, өткен бір апта ішінде көрмені 13 миллионнан астам адам тамашалаған.
Гүлжан Байназарова