«Азаматтық бақылау». Осы жоба ғана мемлекеттік сатып алу барысындағы олқылықтарды мониторингілеп, талдауға мүмкіндік береді. Жақында қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті кәсіпкерлер мен сала мамандарының басын қосып, семинар-кеңес ұйымдастырды.
Мемлекеттік сатып алу процесі кешенділігімен де күрделі. Департамент басшылығы осы тұсты жақсылап ұғынбайынша, проблемалардың туындай беретініне сенімді. Мұны іс-шараға қатысқан облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің, тексеру комиссиясы мен «Ырыс» шағын несие ұйымының өкілдері де растайды. Мәселен, қазір «ырыстықтар» 300-ге жуық құжатты сотқа жолдауға дайын отыр. Себеп біреу ғана — мемлекеттен алған қаржыны мақсатсыз пайдалануға жол беру және белгіленген міндеттемелерді орындамау.
Экономиканың осы саласында жемқорлықты болдырмау мақсатында электрондық тәсілмен мемлекеттік сатып алу да ұйымдастырылды. Сонда рәсімдердің ашықтығы артады деген мақсат қойылды. Ал ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілі осы ұсыныстардың өзін теріс пайдалану фактілері аз емесін құжаттармен келтіре жария етті.
Осындай түсіндірме семинарлары жиі өткізілсе дейді қатысушылар. Сонда бәсекелестік ортаны шектеу, ұйымдастырушы, тапсырыс беруші, конкурстық комиссия тарапынан мемлекеттік сатып алуды бұрмалау деректеріне қарсы тұра алатындай, білімі де жеткілікті болатынына күмәні жоқ. Және конкурстарға қатысуға ниетті шағын және орта бизнес өкілдерінің де қатары артады.
Зәуре Оралбаева