Оңтүстік өнерпаздары Астанада әннен шашу шашты

515

Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері күнгей өлкенің эстрада және дәстүрлі әншілері, ұлттық аспапта орындаушыларының қатысуымен сазды-әуенді шеруімен жалғасты. Нақтырақ айтсақ, Оңтүстік өнерпаздары екі қабатты үсті ашық қызыл автобуспен Астана қаласының қоғамдық орындарды аралап, танымал қазақ әндерін шырқады. Ондағы мақсат – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын кеңінен насихаттау.

Арнайы музыкалық құрылғылармен жасақталған қоғамдық көлік Астана қаласының көрікті жерлері мен саябақтарына аялдап, өнерпаздар оңтүстіктен шыққан жергілікті сазгерлердің танымал әндерінен шашу шашты.

– Оңтүстік- өнердің алтын ордасы. Сондықтан бүгінгі ән шеруімізді қала қонақтары мен тұрғындарына арнайы тарту ретінде ұсынып отырмыз. «Оңтүстіктің 7 кереметі» аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты – қазақ өнерін насихаттап, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына қолдау білдіру, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов.

Мерекелік өнер думанының шерушілері «Думан» ойын-сауық орталығынан бастап, «Мәңгілік ел» қақпасы және «Хан шатыр», «Mega Silk Way» ойын-сауық орталықтары, ұлттық музей және Бәйтерек алаңына дейін жүріп өтті. Астаналық тұрғындарға Оңтүсіктің ән сәлемін жолдауға Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония, облыстық опера және балет театрының белгілі әншілерінен құралған 30-дан аса өнерпаз қатысты.

Айта кетейік, 29-31 тамыз аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында «Оңтүстіктің өнімдері» тауар өндірушілердің көрмесі мен «Жер кіндігі – Қазығұрт» атты көркемөнер көрмесі көпшілік назарына ұсынылғалы отыр. Сондай-ақ, «Түркі елінің түп тамыры – Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» өнер керуені, «Сәлем Астана!, Сәлем, ЭКСПО!», «Оңтүстік әзілдері» шоу-концерттері ұйымдастырылады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Самат Мырзалиев