2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда қазіргі ұсынылатын үш түрлі әлеуметтік төлемнің орнына атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипаты енгілетін болады. Мұндағы мақсат қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек қолын созу дейді жауаптылар. Оңтүстік өңіріндегі әлеуметтік ахуалды саралауға келген Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бастаған жұмысшы топ облыс әкімдігінде жиын өткізді.
Сағат 11-ге жоспарланған кеңейтілген жиын 12-ден өте басталды. Өйткені, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі әлеуметтік нысандар, жауапкершілігі шектеулі мекемелер, тұрмысы төмен және өзін-өзі жұмыспен қамтыған отбасыларында болып, әлеуметтік жағдаймен етене танысты. Ал жиында облыс әкімі Оңтүстік өңіріндегі әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көрсетілген қолдау жайын баяндады.
Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша ОҚО шартты ақшалай көмек 12 813 отбасындағы 74 705 адамға тағайындалды. Жалпы сома 3,6 млрд теңгені құрады. Еңбекке қабілетті 13 846 адам жұмыспен қамтуға, жәрдемдесу шараларымен қамтылып, оның ішінде 11 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.»
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыспен қамту бағдарламасының Оңтүстікте орындалуына оң баға берді. Дегенмен, азаматтардың мәртебесін анықтауда әлі де кемші тұстар барын ашық айтты.
Министр ханымның өңірдегі жағдайға қанық екені байқалады. Өйткені, Оңтүстікте әлеуметтік салада көп жылдары еңбек етті. Оған қоса министрлік пен комитеттер, қала мен аудандарда болып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды анықтаған.
Қазығұрт пен Сарыағаш аудандарындағы тұрақты жұмысқа тартылған, жұмыссыздар тізіміне тіркелмеген азаматтардан бөлек мәртебесі анықталмаған азаматтардың санын анықтап, олар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу әлі де төмен деңгейде дейді Тамара Дүйсенова.
Министр келер жылдан бастап қолданысқа енгізілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипатына қол жеткізу үшін қалған жарты жылда білек сыбана жұмысқа кірісу қажеттігін баса айтты. Қала, аудан әкімдері халық арасында медициналық сақтандыру жүйесін жан-жақты түсіндіруі тиіс. Егер қазір мүмкіндікті жіберіп алсақ, әлеуметтік ахуал өршіген кезеңін игеру қиын болады деп ескертті Тамара Дүйсенова.
Шынар Оразова
Фото: Самат Мырзалиев