Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы аясында Ордабасы ауданында әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталығы ашылды. Бастаманы қолға алудағы мақсат — отбасы, ошаққасында болатын жанжалдарға тосқауыл қою, шаңырақ ынтымағын сақтау.
Орталықта ерінен зәбір көріп, зорлық-зомбылық тауқыметін тартқандар мен ішімдік пен есірткіге салынып кеткендерге психологиялық қолдау көрсетілетін болады. Орталықтың салтанатты ашылуына аудан әкімі А.Мамытбеков, Қазақстан Республикасы бас прокурорының аға көмекшісі С.Тұрсынбекова, аудан прокуроры Б.Булеулиев арнайы қатысып, пилоттық жобаның маңыздылығына тоқталды.
— Ішкі істер бөлімдеріне отбасы ішіндегі жанжалдардың зардабын тартқандар көптеп арызданып жатады. Бұл бүгінгі қоғамымыздың әлсіз тұсы десек, қателеспейміз. Зорлық-зомбылықтың салдарынан бүгінде қоғамда түрлі келеңсіздіктер орын алуда. Шаңырақтар шайқалып, панасыз балалар көбейді. Дұрыс кеңес, көмек ала алмаған қыздар шараналарын далаға тастайтын болды. Қоғамымыздың моралдік құлдырауына жол бермеу мақсатында ашылған бүгінгі сектор өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде атқарады деп сенеміз,- деді аудан әкімі А.Мамытбеков.
Өз кезегінде «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасының жетекшісі С.Тұрсынбекова сөз алып, орталықтың жұмыс ауқымын түсіндірді.
— Бүгінде барлық қызмет түрлері облыс орталығында орналасқан. Осындай орталықтарды аудандардан ашудағы негізгі мақсатымыз — ауыл тұрғындарына көмек қолын созу болатын. Біз ауыл тұрғындарының жан-айқайын, негізгі мәселелерінен хабардар болып отыруымыз қажет. Бүгінде отбасылық жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белең алған кезеңі. Сондықтан осындай орталықтар түрлі жағдайда қиындыққа душар болған әйелдер қауымына көмек көрсететін болады, — деді жоба жетекшісі.
Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы М.Зәйтүнқызы осы бағытта аналар алқасының атқарған жұмыстарын айтып өтті. Бас прокуратураның бастамасымен ашылған сектор ғимараты қажетті бөлмелермен қамтамасыз етілген.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Самат Мырзалиев