Қауын, қарбыз — сыйлыққа. Отырар ауданының өкілдері өткізген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне келген шымкенттіктер тауарларды арзан алып қана қоймай, тарту-таралғыларға ие болды. 30 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімінің арасында көкөніс, жеміс-жидек, ет өнімдерін жұртшылық таласа-тармаса сатып алды.
Сауда жасаған әр клиентті жомарт дихандар құр қол жіберген жоқ. Қауын-қарбызды сыйға алған жұртшылық бірқатар өнімдердің базар бағасынан төмен сатылып жатқанын айтады. Алайда, кей шымкенттіктер ет өнімдерінен ондай айырмашылықты байқамадық дейді.
Жәрмеңкеге 500 литр қымыран өнімі мен 200 келі пісірлген жүгері алып келген отырарлықтардың бұл күні айы оңынан туды. Өйткені, қалалықтар осы екі өнімді таласа-тармаса, алып, сауданы қыздырды. Ет-сүт өнімдері мен көкөніс, жеміс-жидек, бақша дақылдарына да сұраныс жақсы болды.
Мамандардың сөзіне сенсек, бүгінде отырарлық шаруалар ет-сүт өнімдерімен аудан жұртшылығын толықтай қамтуда. Алдағы уақытта көкөніс, жеміс-жидек алқабын көбейтіп, шаруаның осы түрлеріне басымдық береміз деп отыр.
Мақпал Рысбаева