Отырар ауданының мәдени күндері өтті

716

Дәл осы Шәмші туған Отырар ауданының өнерлі азаматтары жақында Шымқалаға келді. Өйткені, «Туған жер — алтын бесігім» атты облыстық өнер фестивалінің бұл жолғы қатысушылары осы отырарлықтар болатын. Өнер сүйер қауым Отырар ауданының күндеріне арналған шараларды тамашалады. Шәуілдірліктер сиясы кеппеген жаңа әндер мен анимациялық фильмдер ұсынып, келгендердің көңілін жаулады. Қолөнер туындылары мен құнды жәдігерлерлер көрмесі де халықтың қызығушылығын тудырды.

Ауданның мәдени күндері аясында ұйымдастырылған шара қазақ вальсінің королі Ш.Қалдаяқовтың еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Осынау мерекелі жиынға арнайы шақырылған Отырардың отты ұлы Мұхтар Шаханов қазақтың дара перзентін емірене еске алып, естелік айтты.

Шара аясында ұйымдастырылған ұлттық қолөнер және сурет көрмесіне келушілер қарасы да көп болды. Онда он саусағынан өнері тамған өнерпаздар туындылары мен аудан тарихынан сыр шертетін құнды дүниелер қойылды. Мұнда Сүгір күйшінің домбырасы мен ұлы композитордың аспаптары да бар.

Отырарлықтар ауданның мәдени күнін атап өту үшін Шәмші аллесын арнайы таңдап алыпты. Түрлі форматтағы кешкілік бағдарламада спорттың бірнеше түрінен сайыстар ұйымдастырылды. Болашағынан үміт күттіреген сайыпқырандар келушілерді өнерлерімен тәнті етті.

Шымкенттіктерге өз өнері мен мәдениетін паш еткен отырарлықтар бұл күнді гала концертпен қорытындылады. Режиссер Батырхан Дәуренбековтің «Көне құмыраның сыры», «Отырар дастаны» анимациялық фильмдерінің тұсауы да осында кесілді.

Тыңдарман қауымға танымал әуендерден құралған топтама әндер мен жеке орындаушылардың туындылары көрермендердің құлақ құрышын қандырды. Күй сайысы, жетіген аспабында орындалған әуендер де нақышында орындалып, ән сүйер әлеуметке әдемі әсер сыйлады.