Сайрам ауданына жаңа әкім тағайындалды

511
Сайрам ауданына жаңа әкім тағайындалды

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам ауданына жаңа әкім тағайындалды. Оңтүстік Қазақстан облысы əкімінің өкімімен бұл лауазымды енді Бақтияр Мамаев атқарады.

Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сайрам ауданының активіне Қазақстан Президенті әкімшілігі мен аудандық мәслихаттың келісімімен тағайындалған жаңа əкімді таныстырды. Өңір басшысы лауазым иесінің жұмысына табыс тілеп, Сайрам ауданындағы халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеруде Елбасы тапсырмаларын мерзімді әрі нәтижелі орындауды тапсырды. Сонымен бірге, ауданның дамуына өз үлесін қосқан бұрынғы әкім Самат Сапарбаевқа алғысын білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі.

Сайрам ауданына жаңа әкім тағайындалды

— Сайрам — Шымкент қаласына іргелес жатқан аудан. Осы өңірдің экономикалық ахуалын жақсарту үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән берілуі керек. Ол үшін инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлерге қойлайлы жағдай жасау өте маңызды. Бұдан бөлек, ауданның сәулеттік инфрақұрылымдық дамуына да жаңа серпін қажет. Аудандағы тағы бір өзекті мәселелерді бірі – жер телімдері. Мұнда жер телімдерін заңсыз иеленушілер көп. Бұл мәселені еліміздің заңына сәйкес толыққанды шешуді тапсырамын, — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сайрам ауданына жаңа әкім тағайындалды

Бақтияр Сапарәліұлы 1969 жылы 1 маусымда туған. Білімі жоғары, мамандығы бойынша — еңбекке баулу және жалпы техникалық пәндерінің мұғалімі, заңгер, көлік бакалавры.

Еңбек жолын 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының Қызылқия ауылды кеңесінің хатшысы болып бастаған.

1997-2012 жылдары аралығында Қазығұрт ауданы әкімі аппараты жалпы бөлімінің бас маманы, аумақты дамыту және кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы, Қызылқия ауылы округінің әкімі, «Қазығұртсу» мекемесінің директоры, Қазығұрт аудандық «Таза су» мемлекеттік коммуналды кәсіпорнының директоры, Қазығұрт аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.

2012 жылдың наурыз айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Самат Мырзалиев