Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметінің құрылғанына — 25 жыл. Бұл қызмет 18 тамызы күні құрылған. 1992 жылдың 18 тамызы күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Шекара әскерін құру» туралы жарлыққа қол қойды. Осыған орай Түркістан қаласында шекарашылардың мерекелік іс-шарасы өтті.
Түркістан қаласының орталық алаңына бұл күні жүзге жуық жауынгер мен командирлер жиналды. Шекара қызметінің құрылғанына арналған іс-шарада эстафета мүсіншесі Қызылордалық шекарашылардан Сарыағаштың шекара жасағына салтанатты түрде табысталды.
Мұратбек Жаппарқұлов, Сарыағаш шекара жасағының тәрбие бөлімінің аға-офицері, майор: «Эстафета шілде айында Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар саябағында басталып, бүкіл Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы жүріп өтті. Бүгінгі таңда шекара жасағына келіп отыр.»
Осылайша жеңіс эстафетасы 15 мыңдай шақырымды артқа тастап, 18 тамыз күні Астана қаласына жетеді. Мерекелік жиында Түркістан қаласының әкімі, шекара қызметінің ардагерлері қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Бұл күні шекара қызметкерлері де марапатсыз қалмады.
Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі: «Құрметті сарбаздар! Еліміздің ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл толуына орай сіздерді құттықтаймын. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері даму жолынан өтіп, дамыған 50 елдің қатарына кірген болса, шекара қызметі де 25 жылда өзінің даму жолынан өтті. Оған қазіргі еліміздің тыныштығы, еліміздің амандығы, шекарамыздың бүтіндігі дәлел.»
Мерейтой аясында Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін алаңда мерекелік концерт өтті. Онда әскерилер оркестері өз өнерін көрсетті.