Шымкент мұғалімдерінің тамыз кеңесі өтті

Өткен оқу жылында Шымкент қаласында мұғалімдерге қатысты 46 арыз-шағым түскен. Оның 11 негізді деп табылып, заңды белден басқан педагогтарға шаралар көрілді. Бұл туралы қалалық мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесінде айтылды. Білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның сөзіне сенсек, наразылықтардың дені оқушыларды алалау, ақша жинау сияқты педагогтың этикасын бұзатын келеңсіздіктерден туған. Пікір алмасу алаңында білім саласын жетілдіруге бағытталған шаралармен қоса көрсеткіштерді кері тартатын осынау жәйттер де ашық айтылды.

Шымкент мұғалімдерінің тамыз кеңесі өтті

Әнұранмен ашылған тамыз кеңесінде өткен оқу жылындағы жетістіктер мен кемшіліктер сүзгіден өтті. Алдағы өзгерістерге толы жаңа оқу жылына дайындық пысықталып, жоспарлар түзілді. Айта өтейік, биыл білім саласына қаралған қаражат та қомақты. Бұл өткен жылдағы қаржымен салыстырғанда 7 пайызға артық.

Десе де шаһар мектептеріндегі тәрбиенің осалдығы байқалады. Мұны оқушылар арасындағы ерте жүктілікке қатысты оқиғалардан-ақ байқауға болады. Өткен оқу жылында шәкірттер арасында бір, 2016 жылы — 5, 2015 жылы 14 қыздың жүкті болғаны анықталған. Суицид. Шәкірттер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау деректері де тыйылмай тұр. Өткен оқу жылында осы санатта 18 оқиға тіркелген. Жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күресу де бүгінде өзекті күйінде қалып отыр.

Дегенмен, жергілікті билік өкілдері мен жауапты шенеуніктер білім беру салада ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуде барын салуда. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін биыл балаларды бірінші сыныпқа электронды түрде қабылдау жүйесі республика бойынша алғаш рет Шымкентте енгізілді. Балабақшаларға да тәрбиеленушілер тың тіртіппен алынады. Мектеп директорлары «Ай мектеп» электронды бақылау автоматтандырылған бағдарламасының да берері мол деп отыр.

Өз қатарының алды болған педагогтар қашан да құрметке лайық. Үздік мамандар бұл күні министрліктің алғыс хатымен марапатталып, енді бір ұстаздардың кеудесіне Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль тағылды.

Әлбетте, бұл марапат — ұлағатты ұстаздарға артылған үміт. Қалай дегенмен, алдағы жаңалықтарға толы оқу жылы ұстаздарға да оқушыларға да тіпті ата-аналарға оңай соқпасы анық. Алда үш тілде сабақ беру, критерийлі бағалау жүйесі, жаңартылған оқу бағдарламасы сияқты тың тәсілдерді игеру жоспары тұр.

Мақпал Рысбаева