Шымкентте өткен бос орындар жәрмеңкесі өтті

467
Шымкентте өткен бос орындар жәрмеңкесі өтті

1 666 бос орын, 217 жолдама. Бұл — Шымкентте өткен бос орындар жәрмеңкесінің нәтижесі. Шаһардағы орталық саябақта өткен іс-шараға 256 кәсіпорын мен мекеме қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынды. Айта кетейік, жәрмеңке «Нәтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында бірнеше бағыт бойынша өткізіліп отыр. Сондықтан мұнда жұмыспен қамтумен қатар шағын несие ұсыну, қысқа оқыту курстарына және «Өрлеу» жобасына жолдама беру қарастырылған.

Талай рет түйіндеме толтырып, жұмыс таппағандар тағы да бақтарын сынап көрді. Бірақ бұл жолы да көбі тек жолдамамен шектелуде. Жұмыс іздеушілердің айтуынша, жолдама алу оңай, тек одан кейін жұмысқа орналасу үшін жұмыс берушінің қалтасын қалыңдату керек дейді.

Оспан Күзеров: «Мұнай-газ саласы бойынша технолог мамандығын бітірдім. Ондай ақша жоқ менде.»

Ал іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жолғы жәрмеңкеде де ең көп сұранысқа ие мамандықтар тізімі өзгере қоймаған.

Бауыржан Қуанышбеков, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы: «Бізде мұғалімдер, дәрігерлер, өнеркәсіп саласы мамандары. Жұмыссыз азаматтар өзіне жұмыс табады деп ойлаймыз.»

Ал жәрмеңкеге келген жұмыс іздеушілер болса, сол сұраныстағы мамандықтарды ұсынатын кәсіпорындардың өкілдерін іздеумен әлек, себебі олар тұруы тиіс орындарда жоқ, тек бос тұрған орындықтар. Жәрмеңкеге үміт артып келген Гүлназира Қожахметова да өзіне қажетті мәліметтер алу үшін мамандарды таппай қиналдым дейді, тапса да мардымды жауап ала алмаған.

Гүлназира Қожахметова: «Мен өз кәсімді ашқым келеді. Көңілім толмай отыр, мен ғана емес, біраз адамның ойын айтып отырмын деп ойлаймын.»

Жәрмеңке нәтижесінде ұсынылған 1666 бос орынның тек 217-сіне ғана жолдама берілді. Ал екі қолына күрек таппаған азаматтарға алдағы уақытта тағы екі ауқымды жәрмеңке ұйымдастырамыз дейді жұмыспен қамту орталығының мамандары.

Әлия Әділбек