Шымкентте жаңа оқу жылына дайындық қыза түскен. Қалалық білім бөлімі тарапынан құрылған комиссиялар тобы мектептердің оқу жылына дайындығын тексеріп жатыр. Жұмыстарында кемшіліктер бар білім ошақтарына ескерту жасалуда. Арнайы құрылған 4 бірдей қабылдау комиссиясының құрамына қоғамдық бірлестіктің өкілдері, санитар мамандар мен мектеп басшылары кіреді.
Қаладағы №79 мектептің берілгеніне 73 жыл болған. Соған қарамастан 800-ден астам оқушы білім алатын білім ұясының қабырғасы берік, мектеп ұжымы жаңа оқу жылына сақадай сай. Бюджеттен бөлінген 1 млн теңгеге жуық ақшаға ғимарат бөлмелері әктеліп, сырланып, жылу жүйелеріне сығымдау жұмысы толық жүргізілген. Тіпті, оқулықтардың көбі оқушыларға таратылып та қойған.
Ал бүлдіршіндерінің жетістіктерімен қуанып жүрген өнер мектебінің ұстаздары жөндеу жұмыстарына өз қаржысын салған. Коммуналды мекеме болғандықтан, ол жұмыстарға қаржы қаралмапты. Десек те, оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасадық дейді педагогтар.
Биыл қаладағы 118 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына қазынадан 400 млн тенгеден астам қаражат қаралған. Барлық мектеп әктеліп-сырланды. Одан бөлек, 31 мектептің аулалары қоршалды. Нәтижесінде бүгінде шымкенттік мектептердің барлығы қоршалған. Бұл ең алдымен оқушы ұл-қыздардың қауіпсіздігі үшін қажет.
Нұрлан Күдерұлы