«Шымкент Қазақстанның үшінші қаласына айналады.» Осылай деген шымкенттік жастар демалыс күні Шабыт кешін ұйымдастырды. Кеш жастар арасында өлеңді мәнерлеп оқу мен актерлік шеберлікті дамытуға арналды. Жастар бұл кеште өзін жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік алды. Үздік оқығандарға арнайы сыйлықтар берілді.
Шабыт кешіне қатысуға ниет білдірген жастар өте көп болды. Әдеттегіден өзгерек бұл кеш барысында жастар өз шығармаларын немесе белгілі ақын-жазушылардың өлеңін оқыды.
Тоқтар Әлімбеков, ұйымдастырушы: «Бүгінгі кешіміз — үлкен жобаның бір бөлігі. Бүгін бізде Шабыт кеші өтіп жатыр. Жастар өздерінің әндерін, өлеңдерін ұсынса деген мақсатта ұйымдастырдық. Алда үлкен жоспарларымыз, ойларымыз бар.»
Шабыт кешінде жастардың бір тобы қазақ поэзиясына сапар шексе, енді бірі орыс ақындарының өлеңдерін тебіренте оқыды. Солардың бірі — Дана. Ол поэзияны сүйеді. Өзі бала кезінен өлең жазғанды ұнатады екен.
Дана Лесбай, қатысушы: «Бүгінгі кеште Абай Құнанбаевтың «Сегіз аяқ» өлеңін орындадым. Мен өзім кішкене кезімнен бастап поэзияны сүйіп өстім. Енді бұл кеште өлеңді халыққа ұсынғым келеді.»
Ал Владислав есімді жігіттің қазақ поэзиясына, жалпы қазақ әдебиетіне деген қызығушылығы зор. Бала кезінен қазақ әндерін тыңдап өскенін айтады. Прозаны ерекше жақсы көреді.
Владислав Гаврин, қатысушы: «Мен мұндай іс-шараларға жиі қатысып отырамын. Достарымның 90 пайызы — қазақ ұлтының өкілдері. Қазақ сыныбында оқыдым. Мектертегі іс-шараларда кеш жүргізуші болдым.»
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде шығармашыл, белсенді жастардың қатары көбейіп жатыр. Қазірдің өзінде түрлі жобаларға арналған «ЮГРЕЙД» қоғамдық ұйымында 40-қа жуық мүше бар. Айта кетейік, қаламызда жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында осы ұйым түрлі жобаларды қолға алып, іс-шаралар өткізіп жатыр. Осылайша, жоба авторлары белсенді жастарды қаламыздың көркеюіне де ат салысуға және өз қатарларына қосылуға шақырады.