«Тендерден» дәмелілер 300 млн. теңгесінен айырылды

307

Шымкентте халықтың 300 миллион теңгесін қалтасына басқан адам ұсталды. Ол тендер ұтудан дәмелі болған 5 азаматтың ақшасын еншілеген. Ішкі істер департаментіне арызданған 32 жастағы азамат күдікті өзінің сеніміне кіріп, 120 миллион теңгесін алдап алғанын айтқан. Тергеу барысында ол бұл әрекетін 2014-2017 жылдар аралығында жүзеге асырып келгені анықталды.

Сезікті бұған дейін «кепілде» жүрген. Тек соттың шешімін күтпей ізін суытқан оны полицейлер жарты жылдан соң ұстады. Әл-Фараби полиция бөлімі қызметкерлері алаяқтық жасады деген Сағын Сейітжан есімді адамның тіпті суретін жариялап, оған алданғандар болса, хабарласуды сұранып отыр.

Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі Нұрсұлтан Қансейітов: «Мемлекеттік бағдарлама арқылы жарияланған әртүрлі санаттағы жұмыстарды ұйымдастыру бойынша конкурсқа түсуге тілек білдірген жеке кәсіпкерлерге көмек көрсетуге және оның нәтижелі болуына алдын ала ақша талап етіп, осылайша қылмыстық жоспарларына сәйкес ақшаларын иемденген» — дейді.