Жәрмеңкенің «жыры» қашан бітеді?

328

Қажымұхан атындағы орталық стадионда өткен аптада ұйымдастырылған жәрмеңке дау-дамайға ұласқаны белгілі. Базар бағасынан да қымбат саудалануына наразы болғандар «мұндай жәрмеңкенің қажеті жоқ, жауып тастасын» деп шу шығарған-тын. Жәрмеңкенің ау-жайын байқамақ болып бұл аптада тағы да ат басын бұрдық. Баға бағамы біршама «ентігін басқандай».

Әкімшілік тарапынан жұмыс атқарылғаны көрініп тұр.
Соншалықты арзандаған деуге де келмес. Дегенмен өткен аптада аспанға ұшып кеткен бағалар сәл де болса төмендепті. Мәселен, өткенде 280-нен сатылған қияр бұл жолы 180-200 теңге, 400 теңге болған алмалар 200-280 теңгеге саудалануда. Қызанақты 150 теңгеге де, 100, тіпті 80 теңгеге сатып жатқандар да бар. Жылқы еті мұнда 1 300 теңге, тай еті 1 000 теңгеден де сатылды.
Ал базар нарқынан 15-20 пайызға төмен саудаланғаны күркетауық, шұшық өнімдері ғана. Мұнда кезекке тұрғандардың қарасы қалың. Жәрмеңкедегі баға бағамы жайлы сауал тастағанымызда «қалтаға қонымды, болады» дегендер де, «удай қымбат» деп реніш білдіргендер де табылды. Осылайша жәрмеңкедегі баға туралы тұрғындардың пікірі екіге жарылды.
Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары бағаны көтермеу үшін барынша жұмыс жасап жатқандарын айтты. Стадионға кіреберіс тұста қоршау қойылыпты, алыпсатарларды мұнда кіргізбеу жағына да баса назар аударылуда екен. Жәрмеңкеде адам қарасы қалың, автотұрақта кептеліс орын алған. Әрине, азық-түлікті, жеміс-жидекті өзіндік құнынан төмен сатуға ешкім де келіспесі анық. Дегенмен жәрмеңкеге лайықты бағаны ұстану қажет-ақ. Ол үшін сатушыларға біршама жеңілдіктер қарастырылған. Мұндағы орын үшін, тұрақ үшін ақы алынбайды.
Қала тұрғындарының наразылығын тудырып, жәрмеңкені базарға айналдырып жібермес үшін жауапты органдар әлі де тиімді тұстарды қарастырып, көбірек жұмыс істеуіне тура келіп тұрған сыңайлы. Әрине ырыққа көнбейтін нарық бар, дегенмен «күн бар жерде көлеңке қалмайтынын» ескерсек жәрмеңкенің «жырына» нүкте қоюға болады-ақ… Ол үшін бағаны бағындырып, қымбатшылықты құрықтауға сеп боларлық тиімді тәсілді табу жауаптыларға сын…

қала тұрғыны
қала тұрғыны

Мехман Шарипов, қала тұрғыны:
– Жәрмеңкеге әр апта сайын келемін. Қызанақ, қиярдың бағасы қымбат. Алма, шабдалы да арзан емес. Жаз айында арзанырақ болуы керек емес пе? Жәрмеңке деген аты бар. Алыпсатарлар көп. Базарға қарағанда кейбір өнімдер 15-20 пайызға арзандау енді. Автотұрақ тегін. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтсе деген ұсынысымыз бар.

 

Құндызай Шожикова, зейнеткер:
– Базардан сатып алуға көп адамның жағдайы келе бермейді. Сондықтан да осы жәрмеңкеге арзанырақ аламыз деп келеді көбісі. Сәбіз, қызанақ пісіп жатқан кезде тым қымбатқа сатылуда. Амал жоқ сатып аламыз. Жергілікті өнім болса да қымбат. Зейнетақымызды көтергенін қайтейік азық-түлік бағасы ұшып тұр. Күркетауық еті, шұжық өнімдері ғана арзандау… Жақында Астанаға барып келдім. Пияздың бағасы ол жақта да 150 теңге, бізде де 150-ден тұр. ЭКСПО-ға байланысты қымбаттаған дейді, ол да бітер. Астананы біздегіден әлдеқайда қымбат деуші еді, қайдам бізде одан да асып кеткен сияқты ғой.

                                                                                                                                                                              Гүлжан Жұмаш