Жас футболшыларымыз Оңтүстік Кореяда чемпион атанды

Күнгейдің жас футболшылары шетелде чемпион атанды. Оңтүстік Кореяның Ульджин қаласына 6 елдің футболшылары жиналған болатын. Олардың арасында Оңтүстіктің командасы да болды. Жерлестеріміз 8 ойын көрсетіп, оның алтауында жеңіске жеткен.

Оңтүстік Кореяда топ жарған футболшылар Шымкентке орала салысымен жасыл алаңға қайта шықты. Ала допты қуалау үшін емес, қуанышымен бөлісуге. Баспасөз маслихаты үйреншікті конференц-залда емес, Локомотив стадионының жасыл алаңында өтті.

Жас футболшыларымыз Оңтүстік Кореяда чемпион атанды

Оңтүстік өңірі үшін бұл — ауқымды жетістік. Өйткені, Шығыс Азияда өтетін дәстүрлі халықаралық жарыста бұған дейін отандастарымыз сынға түспеген. Ал биыл алғаш рет жол тартып, алтыннан алқа тақты. Бастысы — тәжірибе жинақтап қайтты. Ульджин қаласында жалауы көтерілген байрақты турнирде 6 елдің футболшылары күш сынасты. Барлығы — 24 команда.

Баспасөз маслихаты аяқтала салысымен жеткіншектер дайындыққа көшті. Өйткені, алда кезекті жарыстар күтіп тұр. Жерлестеріміз халықаралық сынақта алған тәжірибесімен қатарластарымен бөлісуде. Оңтүстік Корея, Жапон, Қытай жастарының допты алып жүру шеберлігі басымдау дейді бапкерлер. Дегенмен, біздің жас футболшылар да осал емес. Мысалы, қақпашы Санжар Ергеш үш рет қақпасын 11 метрлік айып соққыдан қорғап, турнирдің үздік қақпашысы атағына ие болды.

Жас футболшыларымыз Оңтүстік Кореяда чемпион атанды

Биыл 2004 жылы дүниеге келген ойыншылар да Қазақстан чемпионы атанды. Олар екі бірдей республикалық сынақта топты жарды. Сонымен қатар 14 жасар аяқдопшыларымыз да чемпион атанды. Бұл жыл бойына төгілген терді жемісі екенін жастар жақсы түсінеді. Сол себепті келесі маусымға дайындықты қазірден бастап кеткен.

Сарбиназ Алдабергенова