Шымкент аграрлық колледжі еліміздегі ең үздік 10 колледждің қатарына енген. Сондай-ақ, 2016 жылдың қорытындысы бойынша облысымыздағы 92 колледждің арасынан «Үздік колледж-2016» номинацияына ие болған.
Бүгінде мақтаулы колледжде 1508 студент 15 мамандық бойынша білім алуда. Мұндағы студенттер кабинетке тек теориялық сабақтарды өту үшін кіреді. Ал практикалық сабақтар арнайы оқу өндірістік базасында өткізеді. Бұл дегеніңіз — оқудың 60 пайызын практикалық тұрғыда үйренеді деген сөз. Колледж директорының айтуынша, бүгінгі таңда алты мамандық дуальды оқыту жүйесіне көшкен.
Оқу орнының 5,5 гектар аумағын алма мен жүзім баулары және ауыспалы көкөніс алқаптары алып жатыр. Студенттер практикалық сабақтарын осында және облыс көлеміндегі қырыққа жуық өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтарында өткізеді.
Бүгінде мектеп түлектерін ветеринария саласы қызықтырады. Сондай-ақ соңғы екі жылда ауыл шаруашылығын өңдеу мамандығына ықылас танытатындар көп. Қазіргі таңда осы мамандықтарға сұраныс жоғары. Колледж түлектері оқуды бітірісімен жұмысқа орналасуда.
«Колледждің үздік атануының басты себебі — оқытушылардың біліктілігінде» дейді директор. 176 оқытушының барлығы студенттерге сапалы білім беретін таңдаулы мұғалімдер. Араларында ғылым кандидаттары, ғылым докторлары бар. Балалардың 93 пайызы шәкіртақы алады. Айта кетер тағы бір жәйт, оқу орнының қалауымен биыл сұранысы артқан жаңа мамандықтар да қосылған.
Шымкент агроколледжінің студенттеріне спортпен айналысуға да мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар заман талабына сай жабдықталған дәрісханалар мен зертханалар да бар. Компьютер кластары мен әдістемелік кабинеттер қажетті құралдармен толық жабдықталған. Бүгінгі таңда оқу орны «Жаңа оқыту технологияларын» енгізу арқылы кәсіби шеберлігі жоғары, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлап отыр.
Жанерке Хұмар