Шымкентте қоғамдық көлік тасымалдаушылармен келісімшарт 10 жыл мерзімге жасалатын болды. Бұрын аталған мерзім 3 жылды құрайтын. Оның өзіндік қатаң талаптары да бар. Жолаушы тасымалдаушы компания 140 күн ішінде автопаркін жаңалауы тиіс. Аталған шара банктердің тасымалдаушыларды жаңа автобус алған жағдайда несиелендіруі үшін және лизингке рәсімдеуі үшін де тиімді.
Бұл шартты алғашқылардың бірі болып «Бек-Сервис» компаниясы орындап отыр. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов компания басшылығымен кездесу барысында салаға қатысты біраз мәселенің түйінін тарқату жәйін де айтып өтті. Бүгінде серіктестік аталған келісімшарт аясында автопаркін жаңалау мақсатында 5 «ПАЗ-Вектор» автобусын сатып алды. Су жаңа автобустар енді №34 бағытта қызмет көрсететін болады.
Бір апта бұрын ғана қаламызға жап-жаңа » ГАЗэль» шағын автобустары жеткізілген болатын. Олар №102 бағытта қызмет көрсетпек. «Мир и СО» компаниясының басшылығы қала әкімдігімен келісмшарт аясында орындап отыр.
Қала әкімінің жолаушы тасымалдаушыларға қатаң талабының орындалуы осыдан көрініс тауып отыр. Әкім қала орталығында күркілдеп, көк түтінге көміліп жүрген көне көліктердің орнын жаңа автобустармен алмастыруды ескерткен болатын. Әрі автопаркін жаңалаған компанияларға қолдау болатынын да айтқан еді. Енді алдағы уақытта қала орталығында тек қана жап-жаңа автобустар қызмет көрсететін күн де алыс емес.