«Азия ойындарында бірінші орынды жеңіп аламыз деген сенімдемін»

339

«Отырар» телеарнасындағы «Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонақтары – бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов, Германияда өткен әлем чемпионатының алтын медаль иегері Қайрат Ералиев және қола медаль иегері Жомарт Ержан. Еліміздің мерейін асырған оғландар өз әсерлерімен бөлісті. Көрермендер тарапынан түскен сауалдар да көп болды.

Әлемдік додада ел мерейін асырып, абыройымызды асқақтаттыңыздар. Жанкүйерлеріңіз қалай қарсы алып жатыр? Көңіл күйлеріңіз қалай?

Мырзағали Айтжанов: Аллаға шүкір, елге келіп шаршағанымызды басып дегендей, көңіл күй көтеріңкі. Астанаға келгеннен бастап жанкүйерлер жақсылап күтіп алып жатыр. Ал енді Оңтүстіктің қоржынына екі бірдей медаль түскеннен кейін жерлестеріміздің ықыласы ерекше.

Байрақты додаға жасақтап апарған үкілеген үміттеріңіз сеніміңізді ақтады ма?

– Әрине ақтады деп айта аламыз. Жыл бойы осы жарысқа жақсы жоспармен, жүйемен, тыңғылықты дайындалдық. Жылдың басынан бері қаншама жарыстар болды. Бірақ биылғы ең басты жарысымыз осы Әлем чемпионаты болатын. Бұл екі жылда бір рет өтетін дода. Бұған төрт құрлықтан іріктеу арқылы өткен, кіл мықтылар ғана қатыса алады.

Алда әлі талай әлемдік додалар бар. Үлкен үміт күтетін қай шәкірттеріңізді атай аласыз?

– Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына 13 -ші алтынды салған Қайрат Ералиев шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинаған, мықты боксшы. Сондықтан да Қайраттан алдағы уақытта да үлкен үміт күтеміз. Ұлттық құрамада көптеген мықты спортшылар бар. Соның ішінде жастарды айтып кетсем, Абылайхан Жүсіпов, Абылхан Аманқұл бар. Ал қола медальді жеңіп алған Ержан Жомарттың та болашағы зор дер едім… Бәсекелестердің болғаны дұрыс. Ол босаңсып кетпеуімізге, кем-кетікпен жұмыс істеп, жігіттерімізді қамшылауға сеп болады.

Бүгінде буын алмасу процесі жүріп жатыр. Жанкүйерлерге уәде берейін, келер жылы, одан арғы жылдары жас боксшыларымыз ірі жеңістерге жететініне сенімім кәміл. Кейбір спортшыларымыз жасы келіп, кейбірі қолғаптарын шегеге іліп жатыр. Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетовтер де мықты спортшылар. Жастар өсіп келе жатыр. Жас спортшыларымыз бірінші рет Әлем чемпионатына барып үлкен дәрежеге жеттік. Бұл үлкен жетістік әрине. Келер жылы Азия ойындарында жетістікке жетеміз деген үміттеміз.

Қайрат Ералиевке сұрақ: – Алтын медальді жеңіп алып, елге чемпион болып оралдыңыз. Әсеріңіз жайлы айта отырсаңыз…

– Жекпе жекке дайындық барысында бапкерлерім жақсы жұмыс істеді. «Ел үшін, жер үшін намысты оят» деп жігерлендірді. Жақсы тактикамен өзбек боксшысын ұттым. Бапкерлерімнің арқасында. Еңбектің арқасында. Есені қайтардық.

Боксқа келуіңізге не түрткі болды?

– Оған бастысы Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибрагимов ағаларымыздың жеңісі себеп болды. Бала шақта ұтылған кезімізде мұңайып, ұтқан кезде қуанып қайта беретінбіз. Ал енді елдің абыройын, сенімді ақтау керек деген кезде барыңды саласың. Қобалжу сәттері болады. Бәрі еңбекке байланысты ғой. Жаттығу барысында жақсы тер төгіп, соның жемісін көрудеміз.

Көрермен сұрағы:

Мырзағали аға, көптеген боксшылардың жұлдызын жандырып жүрсіз. Солардың қаншасының шаңырақ көтеріп, отбасы болу бақытына куә болдыңыз?

Мырзағали Айтжанов: Отбасын құрып, балалы шағалы болса да спортты жалғастырып келе жатқандары баршылық. 4 баласы, екі үш баласы бар спортшыларымыз бар. Спорт карьерасын жалғастыруда. Кейбір бойдақ жігіттер де жоқ емес. Қайрат, Жомарт сынды чемпиондарымызға «Әлем чемпионаты бітті. Енді үйленіп, бас құраңдар. Келер жылы Азия ойындары бар. Уақыт болмайды. Сондықтан да мүмкіндікті пайдаланыңдар» деп ағалық ақылымызды айтып жатырмыз. Біз оларға тек төбелесуді ғана үйретпейміз. Жасымыз үлкен болған соң ағалық жол көрсетіп жүреміз. Оқуға, білімге көп көңіл бөліп жүрген өте білімді, білікті спортшыларымыз көп. Олардың әрқайсысының кемінде екі дипломы бар.

Еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосады деген үміттеміз. «Боксшылар тек жұдырықтасады, басқа өнері жоқ» десе қатты қателеседі. Жігіттеріміздің арасында өнерлі азаматтар көп. Туған күндерде ән айтып, ортаның гүлі болатындары бар. Құрамада ұйымшылдық басты орында. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегендей жігіттердің ынтымағы мықты.

Төрешілердің бұра тартуы жөнінде айтып өтсеңіз?

– Мұндай жағдайлар болып тұрады. Рас. Жігіттерімізді әруақытта «қарсыластардан бір бас жоғары болуың керек» деп қайраймыз. Қате шешім шығарылып жатса, қолдан келер шара жоқ. Ұлттық құраманың мүшелері ешкімнен көмек сұрамайды. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» деп жігіттерімізді жеңісті жұлып кетуге баптаймыз.

Қаталсыз ба?

– Сырттан көріп айтпаса мен өзімді қаталмын деп есептемеймін. Қатал болсам өзіме қатал шығармын. Өзіме қатал болған соң боксшыларға да қаталмын. Бірінші кезекте темірдей тәртіп керек. Ұлттық құрама мүшелері Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген ұранын берік ұстанады. Екіншіден, «Еңбек бәрін жеңбек» деп еңбектенуге үндейміз. Бала кезімізде ұстаздарымыз осыны миымызға құйған. Жетістікке жетсек соның арқасында шығар…

Ұлттық құрамада барлық жағдай жасалған. Еліміз бойынша қаншама базалар салынған. Ол жағынан алғанда алпауыт елдердің ешқайсысынан қалыспаймыз. Шымкентте жоғары шеберлікті шыңдайтын мектепке тіркелгенбіз. Боксшыларымыз үшін барлық жағдайы жасалған спорт залымыз бар. Ұжымымыз мықты. Елді қуанту үшін аянбаймыз. Елдің сенімін ақтау үшін барымызды саламыз. Азия ойындарынан бірінші орынмен келеміз деп сендіргім келеді.

– Бағы мен бабы қоса шапқан кездеріңіз көп болғай!

Сұхбаттасқан – Жанар Есенбекова