Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкентте жаңа 7 мектеп ел игілігіне берілді. Солардың бірі — Достық шағынауданында № 69 жалпы білім беретін мектеп салтанатты түрде ашылды. Жаңа типтік білім ордасының алаңы- 10 мың 430 шаршы метр. Үш қабатты ғимаратта 1200 оқушы білім нәрімен сусындай алады. Айта кетейік, аталған елдімекенде халық саны жыл сайын артып отыр. Сол себепті де жаңа мектепте 2000 бала оқитын болады.
Биылғы оқу жылы басқа жылдан өзгерек. Он жыл бойы небәрі 400 орынды мектепте оқып келген Достықтың балаалары жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсы алып отыр. 1200 оқушыға шақталған үш қабатты ғимарат анадайдан мен мұндалайды.
Жаңа мектепте 58 оқу кабинеті, пәндік зертхана бөлмелері, мультимедиялы-лингофонды кабинеттер мен компьютер класы бар. Барлығы да заман талабына сай дейді мектеп басшылығы.
Бұл мектептің ашылуын достықтықтар ұзақ күтті. Өткен жылы көрші шағынаудандарға шашылып, оқыған балалар енді су жаңа үш қабатты ғимаратта білім алатын болады. Бұған, ең алдымен, ата-ана риза.
Жалпы, 2017-2018 жаңа оқу жылында Оңтүстікте 20 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 9 білім беру ашылады деп жоспарланған. Биыл облыста 31 миллиард 2 миллион теңгеге 79 білім нысанының құрылысы жүргізілген. Осылайша апатты 9 және үш ауысымды 12 мектептің мәселесі шешілген. Ал қалған 23 мектептің құрылысы 2018-2019 жылдары жүргізіліп, үш ауысымды және апатты білім ошақтарының мәселесі түбегейлі шешішім таппақ.
Осындай жаңа білім ошақтарының бірі — Достықта ашылған мектепке облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы ат басын бұрып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. №69 мектептің оқу кабинеттерін аралап көріп, білім жабдықтарымен танысты. Ата-аналар қауымымен жүздесіп, әңгімелесті. Биыл жаңа ғимаратқа жаңадан мектеп табалдырығын аттаған бірінші сыныптың бүлдіршіндерінің білім дайындығын байқады. Оқушылар да өз кезегінде облыс басшысына ризашылығын білдіріп, өз қолдарымен жасаған кәдесыйын Жансейіт Қансейітұлына табыстады.
Жанар Есенбекова