Мақтааралдан облыс орталығына сәлем! Осындай ұранмен келген алты жүзге жуық өнерпаз шымкенттіктерді өнерлерімен тәнті етті. «Туған жер – алтын бесігім» атты облыстық фестиваль аясында 10-ға жуық іс-шара өткізіп, көпшіліктің көңілін көтерді.
Мақтааралдан шыққан белді ақындармен кездесуге келген оқырмандардың қарасы қалың. Әсіресе жастар белгілі тұлғаларды ерекше ықыласпен күтіп алды. Отырар әмбебап ғылыми кітапханасына жиналған көпшілік ең әуелі мырзашөлдік жазушылардың шығармасы қойылған көрмемен танысты. Келелі кездесу барысында ақын-жазушылармен түрлі тақырыпта пікір алмасып, әңгіме өрбітті.
Исраил Сапарбай, ақын: «Бұл іс-шаралардың барлығы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру — Болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Болашаққа бағдар деген сөзді айтпағанда, Рухани жаңғыру деген сөздің ауқымы өте кең. Жаңғыру деген «Жартасқа бардым күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» деп Абай айтқандай Жаратылыстағы жаңғырық бір басқа, адам дүниесіндегі жаңғырық бір басқа. Жаңғырықты бойыңызға сіңіре білсеңіз, оған руханиды қоссақ жаңару болып шыға келеді. Сондықтан да бұл ауқымы өте кең сөз. Жастар сөздің ауқымын дұрыс түсінуі керек».
Іс-шара облыстық филармонияда жалғасын тапты. Онда Мырзашөл өңірінен шыққан өнер майталмандарының концерттік бағдарламасы қойылды. Сахнада ұзақ уақыт өнер көрсетіп келе жатқан «Ақ әжелер» ансамбліне халық айырықша ықыластарын білдірді.
Мақталы орданың көрсетер өнері мұнымен толастамады. Мәдени күн аясында Шәмші әлемі гүлзарында мақтаралдық қолөнер шеберлерінің көрмесі қойылды. Мұнда 50-ден астам шебердің 200-ге жуық бұйымдары арзан бағада қала тұрғындарына сатылды. Көздің жауын алатын бұйымдарды қызықтап, сатып алушылар көп болды.
Пердеш Есенбеков, Мақтаарал аудандық ішкі-саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: «Мақтаарал ауданының мәдени күндері аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың барлығы дерлік сәтті өтіп жатыр. Келушілер көп, себебі біз халыққа сапалы дүние ұсынып жатқандығымыздан болар. Мәселен, көрмеге қойылған заттардың барлығы ауданымыздың таңдаулы қолөнер шеберлерінің жұмысы. Арасында мектеп оқушыларының да үздік деп танылған жұмыстары бар. Біздің іс-шараларымызды тамашалауға келіп жатқан ел-жұртқа айтар алғысымыз шексіз».
Мақтаарал ауданы тек мақтаның ордасы ғана емес, өнердің де ордасы деуге болатындай. «Туған жер -алтын бесігім» атты облыстық фестиваль «Мақтаарал әуендері» атты гала концертпен аяқталды. Мұнда 600-ге жуық өнерпаз қатысып, «Шәмші әлемі» гүлзарын әсем әуенге бөледі.