Мердігерлер көшенің қақ ортасындағы 200 метрлік бөлігін аяқсыз қалдырған

345

Шымқаладағы Тельман бөлімшесі Тойғанбаев көшесінің тұрғындары бюджет қаражатына салынып жатқан жол сапасына наразылығын білдірді. Шыдамы таусылып, билікке өкпе-назын жеткізуге асыққан ақсақалдардың айтуынша, біріншіден жолдың ені тым тар. Қарсы келген екі көлік сыймайды. Екіншіден, ұзындығы бір шақырымнан астам жолдың бел ортасындағы 200 метрі жобаға енбей қалған.

Тойғанбаев атындағы көшенің жалпы ұзындығы бір шақырымнан асады. Мұнда асфальт төсеп, жол салуды қолға алған мердігерлер көшенің қақ ортасынан 200 метрлік бөлігін аяқсыз қалдырған. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, ол бөлік жобаға енбеген. Осыдан үш жыл бұрын жасаған жобада ол екі арада асфальт бар деп көрсетіліпті. Тиісінше, қаражат та қаралмай қалған. Көшесіне асфальт төселуін қалаған тұрғындар енді сол жұмыстардың барысына ашынып отыр.

Салынып жатқан жолдың ені де көпшіліктің көңілінен шықпайды. «Биліктегілер қаржыны үнемдеу мақсатында кең жолымызды тарылтты»,- дейді. 6 метр көшеге бір-біріне қарсы келген көліктер сыймайды. Тұрғындардың айтуынша, мұнда жиектастар мен қашыртқы арықтар қажет емес, ал бағаналар жаяу жүргінші жолының ортасында қалып, жұрттың жүріп тұруына кедергі келтіреді. Мердігерлер болса, құрылыс жобаға сай жүргізіліп жатқанын айтып ағынан жарылды.

Тұрғындардың ашына салған айқайынан соң құрылысқа тапсырыс беруші әкімдіктегілер мән-жайды анықтап, жобаға өзгеріс енгіземіз деп уәделерін берді. Уақытында оны да көрерміз.

 

Нұрлан Күдерұлы