Отбасылық зорлық-зомбылық, алимент өндіре алмай сандалу, ортақ мүлікті бөлісе алмау. «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауға келгендердің басым бөлігі осы сұрақтармен келіпті. Құқық қорғау саласы бойынша өткен қабылдауда, сондай-ақ, жер дауы, ішкі істер қызметкерлерінің әрекетсіздігі мәселесін көтергендер де болды.
Шымкент қаласының тұрғыны Лаура Сариеваның аяғы ауыр. Айтуынша, азаматтық некедегі жұбайы екі рет пышақтап, тұншықтырып та өлтірмек бопты. Ай бұрын арызданса да, құқық қорғау қызметкерлерінің әрекетсіздігіне қарны ашады.
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға облысымызда оңалту орталықтары қол ұшын созады. Құзырлы орган өкілдері ең алдымен сонда баруға кеңес берді.
Шаңырағы шайқалып, ұясы бұзылған ер-азамат та соттың шешімімен келіспейтіндігін айтады. 35 жасар Мәлік Сарбасов бұрынғы әйелімен әлі де арыздасып жүргенін айтады.
Отбасы ойран боп, құзырлы орындардан көмек сұрағандарға жауаптылардың айтары аз болмады. Құзырлы жауаптан бөлек, ағалық кеңес айтып, жөн сілтеді.
Жанар Есенбекова