Оңтүстікте 218 адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмды

612

Жыл басынан бері, яғни 2017 жылдың алғашқы сегіз айында Оңтүстікте жол-көлік оқиғасынан 218 адам көз жұмды. Барлығы 1282 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1821 адам түрлі деңгейде жарақат алып, зардап шекті. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және аранйы есепке алу жөніндегі Комитетінің ОҚО бойынша басқармасы хабарлады. Басқарманың таратқан мәліметіне сәйкес, жол-көлік оқиғасы өткен жылдың сәйкес мезгілімен салыстырғанда 10 пайызға төмендепті. 

Көлік апатының дені Шымкент қаласында тіркеліп отыр. Облыс орталығында сегіз ай ішінде 471 оқиға есепке алынса, Сарыағаш ауданында 200, Мақтаралда 141, ал Түркістанда 92 жағдай болған.

Жол-көлік оқиғасының басым бөлігі, дәлірегі 71%-і елдімекен ішінде тіркелсе, оның 63%-нда жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Автокөліктердің бір-бірімен соғысуы 27%-ды құрапты. 

Ал мас күйінде автокөлік басқарған тұлғалардың кінәсінен орын алған оқиға саны да 36-дан 22-ге, яғни 39%-ға азайған. 

Жүргіншінің кінәсінен 2 жол-көлік оқиғасы болса, 109 жағдайда жол апатын жасаған жүргізуші оқиға орнынан бой тасалап, қашып кеткен.

Адам өлімі бойынша осы жоғарыда аталған қала, аудандар алдыңғы қатарларда тұр. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғасы зардабынан Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданынының әрқайсысында 39 адам, Түркістан қаласында -20, Мақтарал ауданында – 18, Ордабасы ауданында – 17 адам жол апатынан қаза тапқан. 

Жол апатына негізігі себептерінен: жаяу жүргіншіні қағып кету — 92, автокөлік қақтығысуы – 77, автокөлік аударылып кетуі – 42, кедергіні қағып кету салдарынан – 7 адам қаза болған.

Әсіресе, ЖКО салдарынан балалар зардап шегетіні өкінішті. Мысалы, осы жылдың 8 айында орын алған 1282 жол-көлік оқиғасының 463-інде балалар зардап шеккен. Олардың 433-і жарақат алса, өкінішке қарай 30-ы көз жұмған.

Балалар автокөлік қақтығысы мен жаяу жүргіншіні қағу себебінен жапа шеккен.

Соңғы 5 жылға жүргізілген талдау балалар үшін тамыз және мамыр айлары жолда жүруге қауіпті болатынын көрсетті. Осы мезгілде жол-көлік оқиғасына ұшыраған бала саны артып отырған. Биыл да да солай болып отыр. Зардап шекккен 463 баланың 100-ін немесе 22%-ын тамыз айында көлік қаққан.

Айтпақшы, Қазақстанда тіркелген жол-көлік оқиғалары жайлы толық ақпаратты, сондай-ақ көлік құралының адамдардың қаза болуына немесе жарақаттануына әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысқандығы туралы Комитеттің http://qamqor.gov.kz порталының «Гео карталар», «Апаттылық картасы» бөлімінен білуге болады.