Оңтүстіктің әр он алтыншы тұрғыны кәсіпкерлікпен айналысады

309

ОҚО прокуратурасы мен кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Жиын ресми емес, еркін форматта ұйымдастырылған. Кәсіпкерлікті жүргізуде жасалатын әкімшілік кедергілерді азайту бағытында прокуратура мен кәсіпкерлер палатасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыс нәтижелері сөз болды.

Оңтүстік Қазақстан облысынның әр 16-тұрғыны кәсіпкерлікпен айналысады. Оңтүстік үшін бұл әлі де аз көрсеткіш. Сондықтан да халықты ынталандырып, кәсіпкерлерге құқықтық насихат жасау – бүгінгі жиынның басты мақсаты.

Облыстық прокуратураның келтірген мәлеметтеріне сүйенсек, кәсіпкерлікке қатысты 28 тексеру жүргізіліп, оның 26-сы негізсіз деп танылған. Жыл басынан бергі уақыт аралығында кәсіпкерлерді негізсіз тексерген лауазымды тұлғалар саны 44 пайызға артқан. Кәсіпкерлермен емін-еркін, етене әңгімілесуді мақсат тұтқан бұл жиынға келгендер мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламаларға да қанығып қайтты.

Ел аузында «СЭС» аталып кеткен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан кәсіпкерлікке қойылатын талап саны бұрын 11 мың 543 болса, прокуратураның мұрындық болуымен 2 мың 371-ге азайтылған. Ал өрт қызметінің кәсіпкерлерге қоятын талаптары 72 пайызға, яғни 3120-талаптан 876-ға кеміп отыр. Қадағалаушы орган өкілдері алдағы уақытта да кәсіпкерлермен жүйелі түрде жүздесіп, ұсыныстарын тыңдауға дайын екендерін жеткізді.

Жанар Есенбекова