Бүгін Шымкент қаласында «Денсаулық-2017» фестивалі өтті. Іс-шара аясында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Германияның Гамбург қаласында өткен әлем чемпионатының алтын жүлдегері Қайрат Ералиев пен қола медаль иегері Жомарт Ержанды жеңістерімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Неміс жерінде өткен дүбірлі додада еліміздің қоржынына жалғыз алтынды алып беріп, көк туымызды көкке желбіреткен әлем чемпионы Қайрат Ералиевке облыс әкімі 4 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Ал әлем чемпионатының қола медаль жүлдегері Жомарт Ержанға 1 миллион теңгенің сертификатын тапсырды.
Сонымен бірге облыс әкімі Қайрат Ералиевтің жеке бапкері, бокстан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановқа — 4 миллион теңге, ал үшінші орын иеленген боксшымыздың жеке бапкері Нүркен Андасовқа 1 миллион теңгенің қаржылай сыйлығын табыстады.
Өңір басшысы жеңімпаз спортшыларымыздың әлем чемпионатында көрсеткен ерлігі жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, спортқа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізетінін айтты.
— Сіздер әлемдік додада ел намысын қолдан бермей, биік тұғырдан көріндіңіздер. Алдағы уақытта да осы бағыттарыңнан таймай, биік белестерді бағындыра берулеріне тілектестік білдіремін, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Қайрат пен Жомарт — білікті басшы Балғабай Елшиев басқаратын облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің сайыпқырандары. Жігіттердің чемпионатқа дайындалуына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев та бар жағдайды жасады. Қазақстанның бокс федерациясы мамандарының да еңбегі мол.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі