Түлкібас ауданындағы Састөбе елдімекеніндегі тұрғын үйлер жөндеуден өтіп жатыр. Қабырғасы қақырап едендері ыдырай бастаған тұрғын үйлер жаңғырту бағдарламасы аясында қайта қалпына келтірілуде.
Састөбе елдімекеніндегі үйлердің салынғанына 30 жылдан асып барады. Кеңес кезінде Цемент зауытының жұмысшыларын баспанамен қамту мақсатында осы маңайдан бірнеше қос қабатты үй салынған болатын. Ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары састөбеліктер шетінен пәтерлерін жекешелендіруге кірісіпті. Содан бері тұрғын үйлердің түйіткілдері оңтайлы шешілмей келеді дейді көпшілік. Шатырдан су ағып, су жүйелері мен электр желілері жарамсыз күйге түскен. Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасының арқасында қазір баспаналар жөндеуден өтті.
Үйлердің шатыры ауыстырылып, қасбеті жаңартылды. Канализациялық жүйелер де қалпына келтірілген. Әрлеу жұмыстары да жүргізілген. Жөндеу шығындары 35 млн теңгеден асып жығылды дейді жергілікті атқамінерлер.
Ерлан Күзембаев, Састөбе елді-мекенінің әкімі: «Сметасы жасалынған, қаржыны күтіп отырмыз. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұрындары мердігер мекемелерден мәселе туындайтын, сондықтан құнтты құрылыс компаниясын таңдадық, жұмыстарды жүргізуге бір жылдай уақыт кетеді», — деді.
Састөбе елдімекенінде әлі жөндеуді қажет ететін бірнеше тұрғын үй бар. Әкімдік өкілдері алдағы уақытта тозығы жеткен нысандарды, баспаналарды жаңғырту бағдарламасына енгіземіз деп отыр.