Шымкентте шетелдік маман шеберлік сабағын өткізді

Кенжелеп қалған туризм саласын дамыту үшін үкімет тарапынан мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. Оны жүзеге асыру бағытында жергілікті жерлерде жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Шымкенттегі қонақ үйлердің бірінде Германиядан бизнесмен шақырылды. Білікті маман қонақ күтудің қыр-сыры туралы шеберлік сабағын өткізді.

Қонақ үй шаруашылығында тәжірибесі мол, табысты шетелдік маман Кай -Уве Дехлер кәсіпті дөңгелетудің қыр-сырын жерлестерімізге үйретуде. «Туризм саласында ұсақ түйек жоқ, мейманға мүмкіндігінше барлық жағдай жасалынуы тиіс. Қонақ үй қызметкерлері мейманның келесі жолы еш ойланбастан қайта келуіне барлық шеберліктерін салуы керек. Тек осындай жауапкершіліктіктің арқасында нәтижеге қол жеткізуге болады», — дейді шетелдік кәсіпкер.

Кай-Уве Дехлер, сарапшы: «Мен Қазақстанға кезекті рет келгеніме қуаныштымын. Қонақ үй бизнесінде 17 жасымнан еңбек етудемін. Бүгінде бірнеше қонақ үйді басқарамын. Шымкентке келген бойда қонақ үйдегі қызметті одан әрі жақсартуға өз ойларыммен бөлістім. Кәсібін жетілдіруге әрекеттенген қызметкерлердің ынтасы маған қуат берді. Қонақ үйге келген әрбір адамның талғамын ескеру қажет. Бұл өте маңызды. Бұл әріптестік қарым қатынасымыз жалғасатынына кәміл сенемін», -деді.

Өңірімізде туризм саласын дамыту бағытында бүгінде жергілікті жерлерде мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлерге таңсық бұл кәсіптің жемісті жолын көрсету мақсатында кәсіпкерлік палатасы шетелдік мамандарды шақыруда.

Қонақ үйдің бас менеджері шетелдік сарапшының кеңесі бойынша меймандар жайғасатын бөлмелердің интерьерін қайта қарап, жайлылығына қарай өзгерістер жасады.

Данияр Дармен, ОҚО кәсіпкерлер палатасының өкілі: «Шақыртуымызды қабыл алған шетелдік әріптесімізге алғысымыз шексіз. Мемлекеттің, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының туризм индустриясын дамытуға жасап жатқан іс әрекеттері біз үшін үлкен көмек, қолдау. Қонақ үй шаруашылығын жүргізуге әзірге тәжірибеміз жетіспейді. Сондықтан да шетелдік сарапшылардың келіп, жағдаймен танысып, өз кеңестерін беріп, тәжірибелерімен алмасқанына біз ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені әлемдегі қолданыстағы халықаралық талаптарды олар жетік біледі. Біз өз тарапымыздан біздің аймақтың өз ерекшеліктерін ескеріп, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді де назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Біздің бұл әрекетіміз әлемдік стандарттармен үйлескен бойда үлкен табысқа жететінімізге сенімдіміз», -деді.

Қонақ үйдегі сервистік қызметті мейманның талғамына қарай жаңғырту табысты болудың жолы. Сондықтан да табиғаты керемет Оңтүстік өңіріне келуші туристердің санын арттыру бағытында аянбай еңбек етуге дайын.