1,4 миллиард теңге тұратын қонақ үй мемлекетке қайтарылды

46
Видеодан кадр: t.me/afm_rk

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев Астананың сол жағалауындағы қонақ үйін өз еркімен мемлекетке берді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Қонақ үйдің жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайды.

«Қайрат Боранбаевтың компаниялары Мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 млрд. теңгеден асатын «Comfort Hotel Astana» қонақ үй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді», – делінген хабарламада.
Ғимараттың аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Қонақ үй кешенінің жылдық айналымы – 900 млн теңгеге жуық. Агенттік ақпаратынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл нысанды демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыру арқылы әлеуметтік мақсатта пайдалану жоспарланып отыр.
ҚМА активтерді қайтару бойынша белсенді жұмыс жалғасатынын атап өтті.
Айта кетері, Қайрат Боранбаев – қазақстандық кәсіпкер, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы.
Биыл 15 қыркүйекте Қайрат Боранбаев ресейлік газ импорты кезінде ақша жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға сотталды.
Бұған дейін Боранбаев өз еркімен мемлекетке 90 млрд теңгенің активтерін қайтарған болатын. Олардың арасында мұнай кен орны, газ тарату компаниясы, қонақ үй және сауда ойын-сауық кешендері бар.