Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың көрші елге жасаған сапары аясында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен қазақ-өзбек бизнес-форумы өтті. Бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығының артуына мүмкіндік беретін кездесуге 500-ден астам қос елдің кәсіпкерлері қатысты.  Сонымен қатар, Ташкент қаласында өткен бизнес-форум шеңберінде Қазақстанда өндірілетін өнімдерінің көрмесі өтті. 

Өзбекстан астанасында кеше басталған көрмеге 90-ға жуық отандық компанияның өнімдері қойылған. Қазақстандық тауарөндушілер көрмеге тамақ және өнеркәсіп, инженерлік, машина жасау, фармацевтика және құрылыс заттары мен химия, металлургия IT салаларындағы 500-ден астам өнімдерін әкеліп отыр.  «Өзэкспоорталық» көрме кешенінде өтіп жатқан көрмеге Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар ірі кәсіпорындарының өнімдері қойылды.

Атап айтқанда, кілем өнімдерін шығаратын «Бал Текстиль» фабрикасы, ұн және сүт өнімдерін өндіруде көшбасшылардың қатарындағы кәсіпорынның бірі «Алтын Дән» ЖШС-гі, жылына цемент өндіретін «Шымкент цемент» және «Стандарт цемент» зауыттары мен ТМД-да бірінші ашылған вакумдық пробиркалар мен екіжақты ине шығаратын «ЭкоФарм Интернешнл» компаниясы мен терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фарамацевтикалық топқа жататын генериктік және түпнұсқалық 200-ден астам дәрі-дәрмек шығаратын «Химфарм» зауыты,  медициналық жабдықтардың 17 түрін шығаратын «Marai E7 Group» ЖШС-нің өнімдері қойылды.

Сонымен қоса, көрмеде «АтаСтрой» құрылыс компаниясы Сарыағаш ауданындағы Жібек-Жолы шекара бекетін модернизациядан өткізу жобасын таныстырды. Құны 18 млн АҚШ доллары болатын жоба жүзеге асса тәулігіне 30 мың адам емін-еркін екі ел шекарасынан өте алады.

ОҚО әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумына Оңтүстік Қазақстан облысынан өңір басшысы Жансейіт Түймебаев бастаған 150-ден астам мемлекеттік және қаржылық ұйымдар мен кәсіпкерлер қатысты. Бизнес-форум кезінде В2В форматында келіссөздер жүргізіліп, ондағы қатысушылар өзара іс-әрекеттер жақын болашақта өз нәтижесін береріне сенім білдірді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі