Жолаушыларға дөрекілік көрсеткендер жазаланады

291

Шымкенттегі жоалушылар тасымалы саласының проблемалары жолаушылар көлігі бөлімі мен жолаушы тасымалдаушы компаниялар басшыларының кездесуінде талқыланды. Автобус жүргізушілері мен кондукторлардың дөрекілігі, жол жүру ережесін сақтамау, шағын автобустардың адамдарға лық толып жүруі, жүргізушілердің темекі шегуі — Шымкент әкімдігінің инстаграмдағы аккаунтына келіп жатқан хаттарда осы және басқа да проблемалар көтерілген. Енді жолаушы тасымалдаушы компаниялардың жетекшілері осындай тәртіп бұзуға жол берген жүргізушілерді қатаң жазалауға уәде берді. Олар өз кезегінде өздерінің проблемаларымен де бөлісті.

Мысалы, қазіргі таңда көк түтіндетіп жүретін автобустарға қарсы бірнеше рейд өткізілмек. Мұны естіген жолаушы тасымалдаушылар ондай жағдайда барлық автобусты тоқтатуға тура келеді деп шамданды. Дегенмен, кейінірек өзі әрең жүретін автобустарға қала көшелерінде орын жоқ екенімен келісті.

Жиналыста «Акбар» және «Әскери комиссариат» аялдамаларының ауыстырылуы да сөз болды. Қазір олар біріктіріліп, ортақ «Университет» аялдамасы болған. Бұл Төлеби және Анаров көшелерінің қиылысын көліктерден тазарту үшін жасалып отыр. «Әскери комиссариат» аялдамасының кесірінен мұнда көлік кептелісі жиі болады. Бұған дейін кейбір автобустар әлі де «Әскери комиссариат» аялдамасына тоқтап келген болса, енді бұған тыйым салынған. Ереже бұзған жүргізушілерге айыппұл кесілетін болады.

Бұған қоса жолаушыларға дөрекілік көрсеткендер де айыппұл төлейтін болады. Тіпті, жұмысынан да қуылуы мүмкін. Автобустар кір немесе салонда темекі шеккен жүргізушілер де жазаға тартылмақ. Олардан кейін көлік компанияларының иелері де жазаланады.

Шымкентте №102 бағытта жаңа Газель көліктері қатынайтын болды. «Мир и Ко» компаниясы көліктерді жаңарту келісімі бойынша жаңа шағын автобустар сатып алған. Компания басшылары енді жыл соңынай дейін тағы жаңа 3 көлік сатып алуды жоспарлап отыр.